Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов шұғыл іс-сапармен Алматыға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов шұғыл іс-сапармен Алматыға барды

06.06.2018

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кешегі Үкімет отырысынан кейін шұғыл іс-сапармен Алматыға барды. Ол менингококк инфекциясының таралу ошағындағы жағдайды өзі бақылауға алды. Түнделетіп бірнеше аурухананы аралаған министр өз қызметін лайықты атқара алмаған бір бас дәрігерді қызметінен де босатты. Министр дәрігерлерге тағы қандай талаптар қойды. Бұл туралы тікелей қосылған тілшіміз Нұрлан Асқарұлы айтып берді.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыға кеше түнде келді. Өңірге шұғыл түрде жеткен министр уақытқа қарамай бірден жұмысты бастап кетті. Алдымен менингококк инфекциясынан екі адам қайтыс болған Талғарға ауданына барды. Аудандық ауруханадағы медициналық көмектің ұйымдастырылу деңгейін, сондай-ақ, жедел жәрдем қызмет түрін қатаң сынға алды. Ал, бүгін таң азанмен Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлерімен кездесіп, эпидемияға қарсы іс-шараларды талқылады. Мұнда науқастар министрге түрлі шағымдарын айтты. Мәселен, жедел жәрдемді сағаттап күтіп, ақыры келмеген соң көбісі өз көліктерімен жеткен. Алайда, ауруханада орын болмағандықтан, науқастар дәліздегі ескі кереуеттерге жатқызылған. Жағдайды көзімен көрген министр бірден аурухананың бас дәрігері Жәнібек Ботбаевты қызметінен босатты. Сондай-ақ, Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасын да аралаған министр тілшілерге баспасөз мәжілісін өткізіп жатыр.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу