Астананың 20 жылдық мерекесіне оңтүстікқазақстандық диқандар 20 тонна тәтті шие тарту етпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың 20 жылдық мерекесіне оңтүстікқазақстандық диқандар 20 тонна тәтті шие тарту етпек

08.06.2018

Елордамыз Астананың 20 жылдық мерекесіне оңтүстікқазақстандық диқандар 20 тонна шие тарту етпек. Бүгінге дейін олар уылжып піскен жемістің 10 тоннасын Арқа төсіне жөнелтіп үлгерді. Сондай-ақ, жеміс тиелген кереуеннің қоржыны енді бірер күнде өрік және шабдалымен толығады. Осылайша, оңтүстіктің жеміс-жидектері елдігіміздің мерейлі мерекесінде астаналықтардың дастарханының сәнін келтірмек.

Шие бағының биыл алғаш жеміс берген жылы. Осыдан 5-6 жыл бұрын егілген ағаштар әбден жетіліп, қазір мәуелі баққа айналған. Терім мамыр айында басталды. Содан бері шиені жинап алуға күнделікті қырық шақты адам жұмылады. Әзірге гектарынан 400-500 келі өнім терілуде. Шие тұтынушыға бүлінбей жетуі үшін жұмысшылар оны сабағынан мейілінше абайлап үзіп алуға тырысады.

Берік Құдайберген, жұмысшы:

- Көріп тұрғаныңыздай, жемісі ірі, қызыл, тәтті. Дәмі тіл үйіреді. Тәтті болуы жеріне байланысты. Бұған тыңайтқыш бермейміз. Жері құнарлы. Табиғат, ауа райы жақсы, ылғалды. Сондықтан, осындай жеміс беріп жатыр. 

Оңтүстіктің Арқа төсіндегі ағайынға тартуы жалғыз шие емес. Маусымның мақпал самалымен шабдалы мен өрік те пісіп қалды. Базарға жеткізуші кәсіпкерлер жемістерді бақтың басынан келісін 300-350 теңгеден сатып әкетіп жатыр. Баққа жеміс ағаштарының таңдаулы түрлері егілген. Тамшылатып суарылады. Озық тәсілдің арқасында өнімі де мол. 

Берік Әуезханұлы, агроном:

- Қазір 560 гектар жеріміз бар. Оның барлығы өнімге кіріп отыр. Тәтті шиеден бастап, өрік, қара өрік, алмұрт, жүзім, алмамыз бар. Бұлардан 5 мың тонна өнім күтіп отырмыз. Астананың 20 жылдығына осыдан жақсы тарту жасаймыз.

Шаруашылықтың сыйымдылығы 2 мың тонна болатын өз мұздатқыш қоймасы бар. Үзілген жемістер сонда сақталады. Ұзақ жолға салқындатылып барып жіберіледі. Сонда өнім солмай әрі  дәмі бұзылмай жетеді. Жалпы, өңірде жеміс бағы мен жүзім алқаптарының көлемі 31 мың гектардан асып отыр. Былтыр 170 мың тонна өнім жиналған. Оның 70-80 пайызы Алматы мен Астана және еліміздің солтүстік аймақтарына жөнелтілді.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу