Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм. Бұл үш сала бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының орталығына айналғалы отырған Түркістанның дамуына ерекше ықпал етіп отырған негізгі бағыттар. Қазына кірісінің 47 пайызы сауда-саттық пен өндірістен түседі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы да сол көлемде пайда әкеліп отыр. Соңғы кездері қарқынды дамып келе жатқан сала - туризм.
Түркістан төңірегін айтпағанда, арысы Ақтөбе, берісі Қызылорда мен Жезқазған жұртының ат арытып кеп, базар-ошар қылатын жері. Шаһарда 12 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Сондай-ақ, қала бүгінде төрінен қонақ арылмайтын мекенге де айналып келеді. Тарихи орынға былтыр 1 миллионнан астам адам саяхаттап келген.
Ақәділ Қондыбаев, Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Түркістанның туризмі - тарихи-танымдық туризм болып саналса, бүгінде оның басқа да түрлерін ашып отырмыз. Яғни, Сырдария бойында бұхар бұғыларын көбейту, емдік туризмді дамыту. Одан кейін шытырман оқиғалы турзмді дамытсақ деп отырмыз.
Түркістан сондай-ақ, 250 жылдан астам уақыт Қазақ хандығының ордасы болған орын. Шаһар сол кезеңдерде жауға қарсы қол бастаған, билік жүргізген, елге төрелік айтқан 167 хан мен батырдың би-шешеннің мәңгілік мекен тапқан жері. Жердің мұндай қасиеті пен киесі енді Түркістанның облыс орталығы ретіндегі абыройын асқақтата түспек.
Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қаласының Құрметті азаматы:
- Біріншіден, облыс орталығы болып дамиды. Екіншіден, бүкіл түркіге ортақ Түркістан қаласы ұлғайып өседі, өркендейді. Дүниеге атын жаяды. Үшіншіден, нағыз туристерді тартатын орын болуға мүмкіндік туады.
Шаһардың дамуына байланысты бүгінде бірнеше сәулеттік жоба әзірленіп жатыр. Қала аумағы келешекте 35 мың гектарға ұлғаймақ.
Түркістанның оңтүстік шығысынан қазірдің өзінде «Отырар» деп аталатын мөлтекаудан бой көтеріп келеді. Келешекте бұл жерге облыстың әкімшілік іскерлік орталығы орналасады. Сәулеттік жобаға сай мұнда атқарушы билік органдары, құқық қорғау құрылымдары, бизнес орталықтары ғимаратымен қоса, тұрғын үй кешендері, мәдениет ошақтары, 4 мектеп пен 8 балабақша орналаспақ.
Осылайша, Түркістан мемлекеттік қолдаудың арқасында келешекте тек руханияттың орталығы ғана емес, экономикалық әлеуетті мықты, сәулеті ерек ірі шаһарлардың біріне айналғалы отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.