Елімізде алимент төлейтін әйелдер саны артып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алимент төлейтін әйелдер саны артып барады

11.06.2018

Қазақстанда толық емес отбасында тәрбиеленетін балалардың саны артып барады. Себебі, жастар арасында ажырасу көп. Тек жыл басынан бері жеке сот орындаушыларына алимент өндіріп алу бойынша 35 мыңнан астам іс келіп түскен. Ең сорақысы, кейінгі кезде көкек аналар көбейіп кеткен. Бұрын алимент төлейтіндердің көбі ер кісілер болса, енді олардың қатарына әйелдер де қосылып отыр.

Исатай Таумашев 3-4 жылдан бері ұлы мен қызын өзі бағып-қағып отыр. Бала тәрбиесін айтпағанда, күнделікті күнкөріс пен баспана мәселесі шешілмеген. Тұрақты жұмысы болмаса да, екеуін ешкімнен кем қылмауға тырысады. Заң бойынша бұрынғы әйелінен алимент алуға арызданған. «Бірақ, балаларымның анасына алақан жайғым келмейді», - дейді.

Исатай Таумашев, қала тұрғыны:

- 2013 жылы отбасымыз бұзылды. Сол кезде қызым 10-да, ұлым 4-те болды. Телефонмен анда-санда сөйлесіп тұрады. Кейде қолына ақша түскенде «анда апарайын, мында апарайын десе»,  кішкентай қызым «жоқ  бармаймын, ақшаң болса, әкеліп таста біз әкеммен барамыз»,-  дейді. Барғылары да келмейді.

Сот орындаушылар алимент төлейтіндердің арасында әйелдер көбейгенін айтуда. Бұрынғы жұбайынан алимент алуға 9614 адам құжат тапсырған. Тек Астананың өзінде былтыр 150 ер адам алимент алу үшін соттасқан. Бұл үрдісті ЮНИСЕФ балалар қоры да растап отыр.  Арнайы зерттеу көрсеткендей, елдегі 17 жасқа дейінгі балалардың 1 пайызы тек әкесімен тәрбиеленуде.

Әсет Рапих, қалалық Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша 8832 атқару өндірісі бар. Соның ішінде 132-сі ер кісінің пайдасына өндірілетін алименттер. 2018 жылы бес айдың ішінде ер-азаматтардан 39 атқару құжаты түсті.

Ойран болған отбасылар мен ата-анасыз тәрбиеленіп жатқан балалардың мәселесі құзырлы органдар үшін өзекті болып тұр. Қазір ажырасқысы келетін жұптарға алдымен медиация қызметі ұсынылады. Сондай-ақ, құқықтық және психологиялық қолдау көрсететін 111 қызметі іске қосылған. Бұдан бөлек, алғаш рет «Балалар кодексі» әзірленбек.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу