Алматыда «Еуропа кинофестивалі» өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Еуропа кинофестивалі» өтті

11.06.2018

Өткен демалыс күндері Алматыда «Еуропа кинофестивалі» өтті. Халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген еуропалық 16 киноны алматылық көрермендер үш күн бойы тегін тамашалады. Ауқымды шара Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына арналды.

Дәстүрлі «Еуропа кинофестивалі» елімізде биыл 3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Фестиваль аясында Еуроодаққа мүше мемлекеттердің әртүрлі жанрдағы, ересектер мен баларларға арналған үздік кинофильмдері көрсетілді.

Эльнара Байназарова,  Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің баспасөз хатшысы:

- Биыл біз көрермендердің назарына 16 фильмді ұсынып отырмыз. Бұл еуропалық киноиндустрияның ең бір таңдаулы фильмдері десек те болады. Оның ішінде Испанияның «Гойя» премиясын 5 мәрте жеңіп алған «Трумэн» фильмі, болгариялық «Сабақ» атты фильм және «Оскар» жүлдесіне номинант болған Бельгияның фильмдері бар.

Фестиваль Айгара Граубаның атышулы блокбастері «Кольцо Намея» фильмімен ашылды. Бұл орта ғасырдағы бостандық үшін күрескен земгалалық тұрғындардың көшбасшысы туралы туынды. Латвия тәуелсіздігінің 100 жылдығына орай шығарылған фильм ерлік пен отансүйгіштік рухқа толы.

Каспарс Кукелис, Латвияның құрметті консулы:

- Латвияның кино мәдениеті Орталық Азияда аса танымал емес. Сондықтан, осындай  шаралар Еуроодақ елдерінің киноиндустриясын дамытуға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Фильмдер түпнұсқа тілінде және орыс тіліндегі субтитрлармен бірге көрсетілді.

Золтан Салаи, Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің уақытша сенімді өкілі:

- Біз еуропалық болмыс әлеміне саяхаттауға мүмкіндік беретін танымал туындыларды таңдап алдық. Себебі, киноленталарда қозғалған көптеген көкейтесті мәселелер Еуропа мен Қазақстан үшін аса маңызды.

Ұйымдастырушылар бұл шараны жыл сайын жандандырып, Қазақстандағы Еуропа күнін атап өту аясындағы игі дәстүрге айналдырмақ. Осы мақсатта фестиваль 15-17 маусым аралығында Орал қаласында жалғасын таппақ.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу