«Нұр Отан» партиясында қант диабетіне шалдыққан балалардың мәселесі қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясында қант диабетіне шалдыққан балалардың мәселесі қаралды

12.06.2018

«Қант диабетіне шалдыққан балалардың мәселесін жан-жақты қарау қажет». «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осылай деді. Баласы қант диабетіне шалдыққан елордалық бір топ ата-ана партияға мәселесін айтты. Басты себеп, дәрі-дәрмектің жетіспеуі. Өйткені, қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алынып тасталуы да мүмкін. Министрліктің арнайы бұйрығы бар. Бірақ, жетекші партия ата-аналардың талап-тілектеріне құлақ асып, бұл мәселені дер кезінде қолға алды.

Жоғарыдағыларға қолы жетпей, төмендегілерге сөзі өтпей жүрген Гүлжаһан Тәжідинова бүгін өзге ата-аналармен бірге «Нұр Отанға» келді. Мұндағы мақсат біреу, бауыр еті баласына дәрі керек. 

Гүлжаһан Тәжідинова, Астана қаласының тұрғыны:

- Бізге дәл қазір, уақытында берілуі керек.

Ешкім Құдайдан ауруды тілеп алмайды. Бұл да тағдырдың жазуы. Қазір әлемде 300 млн-ға жуық диабетик бар. Әр 7 секунд сайын 1 адам осы дерттің кесірінен көз жұмады. Біздің елімізде 300 мыңға жуық адам ауырады. Оның 3000-і бала. Онсыз да жүйкесі тозған ата-аналар дүрбелеңге түсті. Өйткені, министрлік бұйрықтың жобасын ұсынған, оның 6-маусымға дейін халық арасында талқылапты-мыс. Жуырда амалы таусылған ата-аналар партияға хат жазған еді. Мәселенің шешілуін өтінді. Жалпы, жыл басынан бері науқастар әлеуметтік дәріханалардан инсулин таппай әлек болуда. Желтоқсанда берілген дәрмектер бірінде таусылып жатса, бірінде екі-үш күндік қана қоры бар.

Нәбибулла Досболов, Астана қаласының тұрғыны:

- Ауруханадағы дәрігерлер помпа қалай жұмыс істейтінін білмейді.

Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

-  Сіздер бұрын тек бір ғана дәріханаға баратын едіңіздер. Сол жерден барлығы табылатын. Сіздер ешқайда барып жүрмесін деп, тіркелген мекенжайларыңыз бойынша емханалардағы дәріханалардан алсын дедік.

«СК-Фармацияның» айтар өз уәжі бар. Олар бәріне емханалардың өздері кінәлі дейді. Дер кезінде қажетті дәріге тапсырыс бермепті.

Шәрия Ісмұханова, «Ск-Фармация» ЖШС басқарушы директоры:

- Астанада қаласындағы №11 емхана тек 25 инсулинге тапсырыс берген. №4 10, ал №10 мүлдем тапсырыс бермеген.

Дәрі қымбат па, адам қымбат па? Біз жағдайды өз көзімізбен көрейік деп, елордадағы емханалардың біріне келдік. Мұнда біз баласы қант диабетіне шалдыққан ата-анамен бірге дәрі сұрамақпыз. Әрине, түсірілімге рұқсат бермейді сондықтан да жасырын камера қолданудан басқа амал жоқ. 

Күткеніміздей, емханада науқас балаға қажетті дәрінің біреуі де табылған жоқ. Емханада дәріге жауапты маманға көтерілдік.

- 1 млрд. теңгеден астам қаржыға тапсырыс бердім. Маған министрлік 600 миллионға ғана мақұлдады. Оның ішінде соңғы бекіткендері 310 миллион теңге.

Осылайша, тапсырыс берген емхана Денсаулық сақтау министрлігі қысқартып тастады деп ақталады. Ал, ведомство өзін кінәлі санамайды.

Бұл дертпен шетелде қалай күресді? Арменияда халықтың 9 пайызы қант диабетіне шалдыққан, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының 11,7 пайызы диабетпен күреске бағытталады. Францияда 8,3 пайыз, Германияда 8,6 пайыз. Біздің елде жыл сайын 16 млрд. теңгеге жуық қаржы қант диабетіне күрес үшін дәрі-дәрмекке бөлінеді. Қаржы бар, бірақ, себеп не? Қордаланған мәселе көп, шешімі қайсы?

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- «СК-Фармация» бойынша мәселелер бар. Менің ойымша, сіздер не боп жатқанынан хабардар емессіздер, қандай дәрі, қандай препарат қажет. Денсаулық сақтау министрлігі де қоғаммен жұмысты жетілдіруі керек. Ақпарат шыға салысымен, дер кезінде әрекет етулеріңіз керек. Бұйрық жобасы бойынша ата-аналардың пікірін ескеріп, әлеуметтің маңызы бар аурудардың ішінде қант диабетін қалдыру мүмкіндігін қарастыруымыз қажет. Бұл мәселені тағы талқылауға тиіспіз. Өйткені, мемлекет тарапынан қолдау орасан.  

Партия төрағасының бірінші орынбасары бұл мәселенің анық-қанығына жетіп, қате жібергендерді де жауапқа тарту керек деді. Өйткені, қазынадан бөлінген қаржы жеткілікті. Тек басқарушылық жоқ және өзара байланысты жақсарту маңызды. Партия жанынан қоғамдық комиссия құрылады, партия алаңында қызу талқыланады. Өйткені, біз үшін әр  бала қымбат.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу