Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруге тағы бір қадам жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруге тағы бір қадам жасалды

13.06.2018

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар тиісті заң жобасын бірінші оқылымда қарады. 3 кодекске және 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде.

97-қадам. Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру. Үкімет мемлекетке тән емес және басы артық қызметтерді қысқарту есебінен неғұрлым ықшам бола түседі.

«Ұлт жоспарының» 97-қадамы. Президент тапсырмасын орындау мақсатында құжат әзірленді. Заң жобасы азаматтардың өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Елбасымыздың «Ұлт Жоспарын» орындау жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Президентіміз айтқандай, еліміздің дамуы бірқатар мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруді талап етеді», - деді. Жалпы 130-ға жуық функция беріледі.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мемлекет функциялары бәсекеге қабілетті ортаға берілсе, бизнес өкілдері өз қызметінде сапаға басымдық беруі тиіс. Көбінесе тапсырыс беруші өзі аудиторлық компанияны таңдайды. Болашақта бұл міндетті сақтандыру компанияларының атқарғаны дұрыс болады.

Не ұтамыз? Бизнес мұндай жауапкершілікке қаншалықты дайын? Депутаттарды сан сауал алаңдатады. Мемлекеттік органдардың уақыты үнемделеді. Жұмыс сапасы жақсаратыны тағы бар. Заң жобасы мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға берудің нақты белгіленген ережелерін бекітеді. Нәтижесінде бұл мәселеде бүгінге дейін орын алып келген жүйесіздікке, ретсіздікке жол берілмейді. Қызмет көрсету құны қатаң қадағаланады. Егер бизнес жүктелген міндетін атқара алмайтын болса, ол  функция мемлекетке қайтадан қайтарылады.

Сонымен қатар, жалпы отырыста депутаттар Қазақстан  мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы  БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымымен әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасын мақұлдады.

Әріптестік бағдарламасын одан әрі дамыту үшін бес басым бағыт белгіленген.        

Индира БЕГАЙДАР   

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу