Бюджеттің орындалуы туралы есеп бекіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджеттің орындалуы туралы есеп бекіді

15.06.2018

Парламент 2017 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есепті бекітті. Өткен жылы барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалған, дегенмен, депутаттарды көптеген сұрақтар алаңдатты. Сонымен қатар, бірлескен отырыста Конституциялық кеңестің жылсайынғы Жолдауы жарияланды.

Бірлескен отырыс өтетін зал. Қос палата депутаттары. Толық құрамдағы Үкімет. Конституциялық кеңес. Есеп комитеті. Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік органдар. Күн тәртібінде бірнеше сұрақ бар. Оның бірі - Конституциялық кеңестің жай-күйі. Кеңес жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Құжатта азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету жайы айтылған.

Әрине, басты сұрақ, Үкімет пен Есеп комитетінің өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі. Барлық әлеуметтік міндеттемелер мен бюджеттің шығыс бөлігі 99,8% орындалып, 11 трлн. 156 млрд. теңге игерілген. Қаржы 100 пайызға жуық игерілгенімен, оның сапасы мен тиімділігіне сұрақ көп.

Айта кетейік,  бюджет екі рет Парламентте нақтыланып, бірнеше рет Үкіметте түзетілген.

Гүлжан Қарағұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бюджеттің кіріс бөлігінің жүзеге асырылуындағы кемшіліктердің басты себебі, сарапшылық жұмыстың жоқтығы. Олардың мақсаты салықтан жалтарғандарды анықтап, жүйелі жұмыс атқару еді. Бұл туралы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтады.

Мәжіліс те, Сенат та жалпы отырыста бюжеттің атқарылуы туралы есепті тыңдағанымен, депутаттардың тарапынан сұрақтар толастамады. Олар барлық саланы қамтыды.

Проблемалық мәселелерді, атап айтқанда, сапалы салықтық басқару және жоспарлау, соның ішінде кіші бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру, бухгалтерлік есеп жүргізу, квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаражаттардың тиімсіздігі айтылды.

Бюджеттік саладағы бұзушылықтардың 80 пайыздан астам үлесі техникалық сипатқа ие. 506 млрд. теңге техникалық бұзушылықтарға тиесілі. Алдағы үш жылдық республикалық бюджетті даярлау кезінде пайдалану үшін бағалаудың дұрыс әдіснамасын әзірлеу маңызды.

Осылайше төрт сағатқа жуық созылған бірлескен отырыста кешегімізді қаузадық, ертеңімізді екшедік. Енді енді жүйелік сипатқа ие кемшіліктер бойынша бізге тиісті мәселелерді шешу керек.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу