Алакөлде туризм маусымы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөлде туризм маусымы басталды

21.06.2018

Айдынды Алакөлдің Алматы облысындағы жағалауында туризм маусымы ашық деп жарияланды. Биыл шипалы көлдің жағасына 1 млн-нан астам саяхатшы келіп тынығады деп күтілуде. Осыдан бір ай бұрын Алакөлде болған Елбасы бұл жер туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ деп атап өтіп, бірқатар тапсырма берген болатын.

Айдынды Алакөл жағалауында ресми түрде туризм маусымы ашық деп жарияланды. Бірақ, ауа райы құбылып, су әлі суық болып тұр. Бірақ, бірер аптада жағажайда аяқ алып жүрер жер болмасы анық. Себебі, жылдан жылға шипалы суға шомылушылар қатары артып келеді.

Туристердің көбеюіне бірінші кезекте Алматы-Үшарал және Астана-Үшарал әуе қатынасы себепші. Сондай-ақ, Алматы мен Астанадан арнайы пойыздар да жүре бастады.

Жалғас Балғожин, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басқарма басшысы:

- Үкіметтің субсидиясымен жүзеге асып жатқан әуе тасымалы және де темір жол қатынасы бойынша да жергілікті бюджеттен 85 млн. теңге жыл сайын жазғы маусымға бөлініп жатыр.

Ал, көл жағасында 100-ге жуық түрлі деңгейдегі демалыс орындары қонақ күтуге сақадай-сай отыр. Маусымашар басқосуда туристік фирма өкілдері олардың біразын аралап, мүмкіндіктерімен танысты. Қалтаны аямай қағатын да, қарапайым халықтың көңілінен шығатын да жатын орындар бар. Олардың бағасы тәулігіне 6 мың теңгеден 67 мың теңгеге дейін құбылады.

Айдос Айтанов, кәсіпкер:

- Биыл 1200-1300 адамға дейін күтеміз. Бағаларымыз Қазақстанның ортаңғы буын адамдарына арналған деп ойлаймын.

Осыдан бір ай бұрын болған Президент сапарынан кейін көл жағасындағы түйінді үш мәселе шешімін тапты. Қазір жергілікті билік  жағажайдың инфрақұрылымын жақсартуға кірісті.

Алмас Аханов, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары:

- Жағаны бекіту мәселесі. Екінші кәріз жүйесі орталықтандырылған. Орталықтандырылған ауызсу жүйесі. Бүгінгі күні осы үш мәселеге республикадан қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр.

Сондай-ақ, жағажайдың тазалығын қадағалайтын коммуналдық шаруашылық құрылмақ. Оған облыс қоржынынан 400 млн. теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

 «YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу