Қыршыннан қиылған қылқалам шебері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыршыннан қиылған қылқалам шебері

21.06.2018

Марина Шәріпова немесе «Мәке». Бұл - небәрі 33 жыл өмір сүрсе де, артына 100-ге тарта картина қалдырып, әлемдік көркемөнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қазақ суретшісінің есімі. Қысқа ғұмырында жарық жұлдыздай жарқ еткен Марина Шәріпованың өнері әлі де ел есінде. Мәскеу қаласында өткен Мәкенің жеке сурет көрмесі соған дәлел. Ресейдің қоғамдық Палатасы мен Бейбітшілік қоры өткізген шара жайлы әріптесім Нұртас Солтанұлы баяндайды.

Мәке - суретшінің лақап аты. Ол - әжесі Мақпузаның құрметіне қойылған. Марина Шәріпова Мәскеуде туып, негізгі картиналарын АҚШ-та салса да, өмір бойы өз ұлтын сүйіп өтті, қазақ екенін мақтан тұтты. Небәрі 33 жасында қыршыннан қиылған қылқалам шеберінің бүкіл арманы, артына 100-ге тарта сурет күйінде қалды.

Елена Сутормина, РФ Қоғамдық палатасы комиссиясының төрағасы:

- Мәкенің туындылары ешкімге ұқсамайды. Оның суреттерінен Мәкенің адамдарға деген сүйіспеншілігін көруге болады. Әрбір еңбегінен мұсылман және христиан өркениетінің өрнектері айқын сезіледі. Суретшінің көрмелері Алматыда, Нью-Йоркте және Мәскеуде, барлығы 5 рет өткен. Біз бұл көрмені ұйымдастыру арқылы Маринаның суреттерін Ресейде кеңірек танытсақ деп отырмыз.

Көрмеге Маринаның 50-ге тарта туындысы қойылды. Бұлардың барлығын дерлік ол өмірінің соңғы жылында салып шыққан. Анасының айтуынша, кей кездері 2 күнде бір картинаны бітіріп жанталасқан қылқалам шебері соңғы сәттерінде байыз таппай асығып, күні-түні суреттен бас алмаған. Ақыры талантты суретші қыз, өзінің АҚШ-тағы шеберханасында қатарынан 14 сағат жұмыс істеп, бояудың буына уланып қайтыс болады.    

Людмила Шәріпова, суретшінің анасы:

- Бүгін ерекше толқып тұрмын. Көрменің өтіп жатқанына қуаныштымын әрі бойымда мақтаныш сезімі де бар. Маринаның өмірден өткеніне биыл 25 жыл болды. Ол үнемі өз картиналары арқылы қазақ халқының атын биікке көтерсем деп армандайтын. Бұл туралы тіпті өзінің жеке күнделігіне де арнайы жазба қалдырыпты. Енді міне, Мәкенің шығармашылығы арқылы, оның арманы да біртіндеп орындала бастады деп ойлаймын.

Мәке өз ойын ерекше формалар мен алуан түрлі түстер арқылы жеткізуге тырысқан шебер-суретші. Қазір оның көпті таң қалдырған бірегей картиналары, Қазақстан, Ресей және АҚШ аумағындағы галереяларда сақтаулы.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу