«Нұр Отан» партиясы мүшелерінің санына емес, сапасына көп көңіл бөлмек. Қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар, қызметін өзінің жеке мақсатына пайдаланғысы келетін адамға партияда орын жоқ. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты. Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Депутат та, қоғамдық ұйым өкілдері, қоғам белсенділері, жастар, сарапшылар, кәсіпкерлер де түгел осында. Кәсіпкерлер демекші, жемқорлықпен белсене күресіп жүргендердің бірі - Ырза Тұрсынзада. Қиындыққа мойымай, бақталастың бақастығын қаперіне алмай жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда, ақша бермесең, аяқтан шалғысы келетіндер болды дейді.
«Нұр Отан» партиясы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқолықпен бірге күреспек. Бүгін ынтымақтастық туралы меморандум бекіді.
Меморандумға сәйкес, еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы және Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асырылуын бақылау жұмыстарына бірлесіп мониторинг жүргізіледі. Партия құрылған күннен бастап жемқорлықпен пәрменді күресіп келеді. Ал, «Нұр Отан» мүшелерінің сапасына назар аударылады. Мұнда жемқорларға орын жоқ.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Бүгінгі меморандум партия мен агенттік арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз. «Нұр Отан» партиясы алдағы уақытта осы салада басқа да мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеуге дайын. Өйткені, партияның басты миссиясы – Елбасының сенімді тірегі болуымен қатар, Қазақстанды жаңғыртуға жүйелі қатысатын стратегиялық күшке айналу. Қазіргі таңда 6000 бастауыш партия ұйымымыз, 1 миллионнан астам мүшеміз бар. Біз барлығымыз жұмыла жемқорлықпен күресуге дайынбыз. Өйткені, бұл Президентіміздің тапсырмасы. Азаматтар қандай да бір фактілер бойынша партияға хабарласа алады.
Алик Шпекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Электронды Үкімет пен кәсіби, стратегиялық мемлекеттік аппараттың құрылуы да бұл саладағы бақылау жұмыстарына оң септігін тигізуде. «Ендігі саты – инновациялық мемлекеттік аппаратқа көшу. Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттің ғана емес, бұл бүкіл азаматтық қоғамға ортақ мәселе екенін айтты. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясының бұл салаға көңіл бөліп, жоғары деңгейде талқылауы құптарлық іс.
«Нұр Отан» игі 22 жобаны қолға алғанын білесіздер, олардың дені коррупцияны жоюға сеп болады. Бірыңғай ақпарттық онлайн сервистің өзі ашықтықты қамтамасыз етеді. Өйткені, жер учаскелеріне қатысты ақпараттарды кез келген азамат ала алады.
Елімізде Ақпаратқа қолжетімділік туралы заң да қабылданған. Бұл заңның тиімділігі мол болғанымен, барлық нормасы бірдей орындалмай келеді. Сондықтан да, қадағалауды күшейту керектігі айтылды. Сыбайлас жемқорлықты мүлдем болдырмау үшін мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінбек.
Индира БЕГАЙДАР