Алматыда Полицейлер мейрамы мен Мемлекеттік қызметкерлер күні аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Полицейлер мейрамы мен Мемлекеттік қызметкерлер күні аталып өтті

25.06.2018

Астана алаңында тәртіп сақшылары сап түзеген мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Қала жұртшылығы полицейлер күніне арналған көңілді концерттік бағдарламаны тамашалады. Іс-шараға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Салтанатты шара барысында қала басшылығы үздік мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының майталмандарын марапаттады.

Бұл күн кәсіби полиция қызметкерлері үшін ерекше дата. Себебі, 2007 жылы Президент Жарлығымен 23 маусым - Полиция күні деп бекіді. Содан бері ел тыныштығын ойлаған айбынды да адал қызметтің нығметі назардан тыс қалған емес.

Дәурен Өтебаев, Бостандық ауданының Ішкі істер басқармасының бастығы:

- Қазір біздің полицияның күші өте орасан. Халықтың ештеңеден қорықпай, тыныш өмір сүруіне болады деп ойлаймын.

Бүгінде республикамызда ел тыныштығын сақтауға 100 000-нан астам полиция қызметкері атсалысып жатыр. Ал, Алматыдай ірі мегаполисте 6000-ға жуық тәртіп сақшысы бар. «Оның әрқайсысы өз ісіне адал, Отан үшін отқа түсуге әзір азаматтар», - дейді  сала мамандары. Алматылық полицейлер мақтан тұтатын тағы бір жайт қаладан 3 Ішкі істер министрі, 14 Ішкі істер министрінің орынбасарлары, сондай-ақ, 20 генерал шыққан.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Ардақты алматылықтар! Құрметті қауым! Баршаңызды Қазақстан полициясы және Мемлекеттік қызметші күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Қос мерекенің бір күнде аталып өтілуі тегін емес. Мегаполис тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін күн демей, түн демей қамтамасыз етіп, басын қатерге тіге жүріп, өздерінің қызметтік борышын абыроймен орындап келе жатқан тәртіп сақшыларының ерен еңбегі қандай марапатқа да лайық.

Полицияның қызметі тек халық тыныштығын сақтаумен ғана емес, олардан шыққан майталман мамандармен де өлшенеді. Ал, осы қиын да қауіпті қызметте дараланып, алға озған 20 полиция қызметкері қала басшысының Алғыс хатын алды. Сондықтан, ел дегенде елеңдеген полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен екендігі анық.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу