Түркістан қаласының аумағы 35 мың гектарға ұлғаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан қаласының аумағы 35 мың гектарға ұлғаяды

27.06.2018

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан қаласында болып, аймақтың даму переспективалары туралы комиссиясының алғашқы отырысын өткізді. Басқосуда облыс әкімі комиссия жетекшісіне Түркістан қаласының жаңадан жасақталған бас жоспарын таныстырды. Оған сәйкес, шаһар аумағы тағы 35 мың гектарға ұлғаймақ. Оның 670 гектар жеріне әкімшілік іскерлік орталық салынады. Бұдан бөлек, 300 гектар аумаққа тұрғын үй кешендері бой көтереді.

Жансейіт Түймебаев Үкіметке бұл құрылыстарды 8-10 айдың ішінде бітіруді ұсынды. Сондай-ақ, енді қаланың логистикалық мүмкіндігін арттырып, инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі туындап отыр. Бүгінде шаһар тұрғындарының 94 пайызы таза судың, 26 пайызы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Бұл мәселелер 2019 жылы толық шешімін табуы тиіс. Басты көшелерде көлік кептелесін болдырмау үшін олардың енін ұлғайту да алғашқы кезекте атқарылатын шаруалардың тізіміне енгізілді. Жиынды қорытындылаған Асқар Мамин бұл мәселелер назарға алынатынын, Елбасы тапсырмасын тиісті деңгейде орындау үшін бар күш-жігерді салуды тапсырды. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Білім және ғылым министрлігі облыс әкімдігімен бірге қаладағы мектеп және балабақша салуды қарастырсын. Денсаулық сақтау министрлігіне денсаулық сақтау жүйесін дамыту және медициналық ұйымдардың жұмысын дамытуды қарастыруды тапсырамын. Инвестиция және даму министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі қаланы сумен қамтамасыз етуді қарастырсын.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ  

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу