Семейлік көлік жөндеуші қолдан квадроцикл құрастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейлік көлік жөндеуші қолдан квадроцикл құрастырды

29.06.2018

Қолдан жасалған квадроцикл. Семейлік қарапайым көлік жөндеуші бір жылдың ішінде заманауи техника құрастырып шыққан. Оған балаларының өтініші себеп болған. Шебер болашақта өзге де көлік түрлерін жасауды жоспарлап отыр.

Мамандығы бойынша сурет пәнінің мұғалімі болғанымен, Ерғазы Ысқақов көлік жөндеумен айналысады. 6 баланың әкесі квадроцикл жасап шығарған.

Ерғазы Ысқақов, қала тұрғыны:

- Ұлдар «квадроциклді қолдан жасауға болады екен, әке, осыны жасап көрсек қайтеді» дегеннен кейін намысқа тырысып, бастадық. Осылай бітті, өзім өте қуаныштымын.

Квадроцикл ВАЗ көлігінің бөлшектерінен құралған, қозғалтқышы «Ока» автокөлігінікі. Ал, шанағы шыны талшықтан істелген. Техниканың қуаттылығы 36 аттың күшіне тең. Оны құрастыруға тұңғышы Бекарыс көмектескен.

Бекарыс Серікқазиев, Е.Ысқақовтың ұлы:

- Жол талғамайтын көлік деп саналады. Ауыл шаруашылығына, орталықтан алыс жерлерде орналасқан ауылды мекендерге жақсы, табылмайтын көлік болып саналады. Мұның күші басқа техникаларға қарағанда 2-3 есе артық. Өзіміз соған есептеп құрадық.

Мұндай квадроциклдің нарықтағы бағасы 1 млн. теңге шамасында. Шебер техниканы жасауға, шамамен, 250 мың теңгеден астам қаражат жұмсаған. Көлікті көріп қызыққандар көп. Тіпті сатшы деп қолқа салғандар да бар екен.

Ерғазы Ысқақов, қала тұрғыны:

- «Қанша тұрады?», «қаншаға бағалайсыз?» деген ұсыныс болды. Мен бұл туралы ойланған жоқпын.

Осылайша, табандылығының арқасында заманауи квадроцикл құрастырған қарапайым көлік жөндеуші енді су мотоциклі мен шағын катер жасамақшы. 

 

Рысгүл МАДВАСОВА

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу