Павлодар өңірінде атты туризм қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар өңірінде атты туризм қарқынды дамып келеді

04.07.2018

Мәселен, Қазақстан мен Канада аумағында ғана кездесетін қарағайлы ну орман өскен Шарбақты ауданындағы таңғажайып табиғатты, киелі орындарды көру үшін салт атпен жүруге тура келеді. Сондықтан, жергілікті кәсіпкер жаңа маршрут ашты. Бұл бастаманы қолға алуына мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген грант арқау болды.

Бұл - «Астана - Ұлы дала Елордасы» атты экспедицияға қатысқан павлодарлық сайыпқыран жігіттер. Астанадан салт шығып, Ерейментау-Қарқаралы-Баянауыл арқылы Шарбақтыға келіп ат суытты. Сөйтіп, 9 күн ішінде  900 шақырым жолды еңсерді.

Серік Еесжанов, атты экспедиция мүшесі:

- Ата-бабамыздың ұлы дала елінде жүріп өткен жолдарының жалғасы. Сапарымызды Астананың 20 жылдығына және ауданымыздың 90 жылдығына арнадық. 7 адам жол жүрдік.

Қылқанды жапырақты ну орман ішіндегі жаңа туристік маршруттың ұзақтығы 30 шақырым. Сар желіске салып бұл қашықтықты бес сағатта еркін жүріп өтуге болады. Соңғы аялдама танымал дінтанушы, әулие Ғабдул-Уахит Тіленшіұлы хазіреттің кесенесі.

Орман туризмін дамытуды қолға алған Есілбай ауылының тұрғыны Ержан Кәкімбаев. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 3 млн. теңге көлемінде грант ұтып алды. Оған бірнеше сәйгүлік және ер тұрман, жүген сынды ат әбзелдерін сатып алған.

Ержан Кәкімбаев, кәсіпкер:

- Осы «Есілбай-Уахит хазірет кесенесі» бағытын бірінші рет бастадық. Сол жалғасын тауып жатыр.

Негізгі қамтылатыны өңірдің киелі жерлер картасына енген орындар. Алдағы уақытта туристік жолсапар аумағын кеңейте түсу көзделіп отыр. Яғни, атты адамдар аялдайтын бекеттер ашып, қонақтарға басқа аудандардағы көрнекті жерлерді таныстыру жоспары бар.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу