Шіліңгір шілденің 40 градус ыстығында жағдай тіпті күрделене түсті. Жұрт өз үйлерінен безіп, қайда барарын білмей жүр.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
- Ауызсу мәселесі әсіресе, көпқабатты үйдің тұрғындарына қиын. Жаз болса, бірінші қабаттағылардан басқаға су көтерілмейді. Және бұл биыл ғана емес, жыл сайын қайталанатын жағдай.
Назгүл Анафия 20 жылдан бері судың зардабын тартып келеді. Күн сайын шелек, құтыларын алып, су іздеп сандалып жүргені. Су аққан күннің өзінде бесінші қабаттағы оның пәтеріне жетпейді.
Шұғыла мөлтек ауданындағы 2,4-үйдің тұрғындары да Назгүл секілді қиналып жүр. Суды дүкеннен сатып алып пайдалануда.
Тыныштық Әубәкіров, қала тұрғыны:
- Су іздеп құтымен көше жағалап кетеміз немесе 5 литрлікпен дүкеннен су алып келеміз.
Рахима Құлсейітова, қала тұрғыны:
- Су тіршілік нәрі. Ешқандай ескертусіз тоқтап қала береді.
Қала халқы қыста 38 мың текше метр су пайдаланса, қазір 62 мың текше метр су жіберілуде. Бірақ, сонда да тіршілік нәрі жоғарыдағыларға жетер емес. Себебі, жұрт есік алдындағы бақшасын суару үшін ішер суды пайдалануда. Сондықтан, «Қызылордасужүйесі» қысымды көтерген. Бірақ, салдарынан құбыр жарылған.
Тілеуберген Қаныбетов, «Қызылордасужүйесі» МКК директоры:
- 1,6 дан 1,7-ге судың атмосферасын көтердік. Тағы да кесілмеген құбырлар бар. Соны кесумен айналысып жатырмыз.
Қалада 680 шақырым су жүйесі мен кәріздік құбыр бар. Оның көп бөлігінің тозығы жеткен. Былтыр соны жаңарту үшін 26 жоба жүзеге асырылса, биыл тағы 13 жоба бойынша жұмыстар жүреді.
Берік Сәрменбаев, қала әкімінің орынбасары:
- Олар 40,50 жыл, берісі 30 жыл болған құрылыстардың құбырлары. 13 жобаны жүзеге асырғанның өзінде қаланың 80 пайызын қамтып отырмыз.
«Ақбұлақ», «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде қаланың ауызсу мәселесі толықтай шешіледі, дейді. Ал, ол бағдарламаның орындалу мерзімі 2020 жылы аяқталады. Демек, қызылордалықтарға тағы екі жыл күтуге тура келеді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.