Алматылық шебер Ұлттық домбыра күніне орай 30 балаға домбыра сыйлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық шебер Ұлттық домбыра күніне орай 30 балаға домбыра сыйлады

10.07.2018

Алматылық шебер Ұлттық домбыра күніне орай балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 30 балаға домбыра сыйлады. Олардың барлығы мекемеде құрылған домбыра ансамблінің мүшелері. Яғни, ұлттық аспапқа қызығып, соны үйренсем деп талпынып жүрген жастар.

Бұл домбыраны қолына ұстап, шертіп көргісі келетін балалар үйінің тәрбиеленушілері. Олар бүгін нағыз шебердің қолынан шыққан сапалы аспаптарға ие болды. Былтыр құрылған ансамбль құрамында алғашында 20 бала ғана болса, биыл саны одан да арта түскен.

Жазира Шапиева, «Жанұя» мамандандырылған кешенінің меңгеруішісі:

- Әрине, домбыра жағынан тапшылық болды. Бірақ, соған қарамастан өзіміздің шеберханамыздан шағын домбыраларды жасадық.

Су жаңа аспаптарды қолға алып, қуанышы қойынына сыймаған өрендер күйден шашу шашты. Жиналған көпшілікке өнерлерін көрсетіп, мерекелік шараның шырайын кіргізді.

Ұлттық өнерге қызығатын балаларға ерекше сый жасаған шебер Елбасы бекіткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сәтті жүзеге асыруға әр адам осылай үлес қосса деген тілегін жеткізді.

Салтанат Өмірәлі, қолөнер шебері:

- Халқымыздың төл мәдениеті домбырадан бастау алады. Міне, осыдан кейін Елбасы домбыраны биікке көтеріп, күнін белгіледі. Неге ұлы армандарымызды, ұлы жоспарларымызды халыққа жеткізбеске?!

Шара барысында ұлттық бұйымдар көрмесі де ұйымдастырылды. Мұнда шеберлер ағаштан, сүйектен, асықтан, теріден жасаған қолөнер бұйымдарын қойды. Қала қонақтары мен тұрғындары аса бағалы тұрмысқа қажетті заттар мен кәдесыйларды қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік алды. 

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу