Бүгінде бүкіл Орталық Азияны трансшекаралық өзендер мәселесі ойландырып отыр. Кейінгі жылдары Қазақстан да суға тәуелді мемлекеттердің қатарына қосылған. Себебі, өзендердегі судың деңгейінің күрт төмендеуі көлдердің де экологиялық жағдайына кері әсерін тигізуде. Бүгін Алматыда бас қосқан ғалымдар осылай деп дабыл қақты. Беделді мамандар Орта Азиядағы 10 мемлекеттің аймағын кесіп өтетін өзендерді қорғау, тазалау, бөлу, суды тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
Трансшекаралық өзендер Орталық Азияны соңғы 30 жыл бойы толғандырып келеді. Бұл біздің еліміз үшін де бас ауыртар мәселеге айналғалы біраз уақыт болды. Өйткені, Қазақстандағы 8 су бассейнінің 7-і трансшекаралық өзендер. Ал, су ресурстарының 50 пайызға жуығы көршілес мемлекеттерден келеді.
Мейрам Арыстанов, Қазақстанның трансшекаралық өзендері мәселесі бойынша ұлттық сарапшы:
- 2001 жылы Қытаймен Ертіс өзенін пайдалану туралы келісім жасалған еді. Бірақ, онда судың көлемін бөлісу көрсеткіші қаралмаған. Сондықтан, қазір Шығыс Қазақстанда су тапшылығы қатты сезіледі. Ал, Оңтүстіктегі бір ғана Сырдария өзені 4 мемлекеттің аймағын кесіп өтеді. Бізге жеткенше кейде арнасы құрғап қалады.
Еліміздегі су ресурстары да әр аймаққа әр түрлі бөлінген. Мәселен, солардың 34,5 пайызы Шығыс аймағына тиесілі. Оңтүстік-Шығысқа - 24,1, Оңтүстікке - 21,2, Батысқа -13,4, Солтүстікке - 4,2, Орталық аймақтарға - 2,6 пайыз. Ал, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында су тапшылығы анық байқалады.
Серік Ахметов, Халықаралық суды бағалау орталығының директоры:
- Бізде негізінен судың жетіспеушілігі басты мәселе болған. Бірақ, соңғы жылдары оған судың ластануы қосылды. Өйткені, түрлі химиялық қалдықтардың көбі трансшекаралық өзендердің арналарынан төгіледі. Соның салдарынан судың сапасы құрып барады.
Мамандардың айтуынша, қазір әлемде күн сайын 50 мыңнан астам химиялық қоспа түрлері шығарылады. Олардың бәрі адам денсаулығы үшін қауіпті өнімдер. Ал, ең қатерлісі - өндірістегі 150 мыңға жуық химиялық заттар ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығында қолданылады.
Юрий Рахманин, халықаралық сарапшы:
- Су жер бетіндегі жалғыз таза сұйықтық. Бірақ, соңғы уақытта судың құрамының өзінен 1000-нан астам химиялық қоспаларды анықтап жүрміз. Олар суды тазаламайды, керісінше, табиғи сапасынан айырады.
Трансшекаралық өзендерде күрмеуі шешілмеген түйінді мәселелер көп. Осы проблемаларды бірігіп шешу үшін ғалымдар 10 мемлекетке ортақ база құруды жоспарлап отыр.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.