«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы Алматы облысының шалғай ауылдарына жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы Алматы облысының шалғай ауылдарына жетті

13.07.2018

Жетісу өңірінің 250-ден астам елді мекенінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылып, тұрғындар электронды қызмет түрлерін кедергісіз ала бастады. Бұдан былай ауылдағы ағайын аудан орталығына сабылмай-ақ қажетті анықтаманы өзі-ақ басып шығару мүмкіндігіне ие.

Өтенайлық Гүлшекер Иешова бұдан былай қажет құжатын қалаға бармай-ақ ала береді. Компьютер меңгерсе, зейнеткер электрондық үкімет порталына  өзі-ақ кіріп, анықтамаларын ешкімнің көмегінсіз рәсімдеуге дайын. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы кейуананың уақыты мен қаржысын үнемдеп отыр.

Гүлшекер Иешова, ауыл тұрғыны:

- Автобуспен сонау ЦОН-ға барып жүргенше, үйіңнің жанынан керекті ақпаратыңды алуға болады.

Бұдан бөлек, Алматы облысы алғашқы болып мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттеріне QR-кодтар енгізді. Енді қолында смартфоны және арнайы бағдарламасы бар тұрғын өзіне қажет қызметтің заңдылықтарын оңай тексере алады. Мемлекеттік қызметшінің де, өзінің де құқықтарын біліп отырады.

Жеңіс Аңдабеков, Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Алматы облыстық департаментінің басқарма басшысы:

- Жемқорлықтың тәуекелділігін төмендетеді. Мемлекеттік қызметкермен қарапайым тұрғынның арасында қарым-қатынас болмайды. Мұнын ең басты  мақсаты сол.

Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарына әзірге кеңесші-маман бөлінді. Ол бастапқыда тұрғындарды электронды үкімет порталын пайдалануға үйретеді. Ал, мұндай электронды қызмет көрсету бұрыштары Алматы облысының 400-ге жуық мектебінде ашылып отыр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу