Қапшағай жағажайында соңғы екі күнде 6 адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қапшағай жағажайында соңғы екі күнде 6 адам көз жұмды

17.07.2018

Алматы облысы Қапшағай қаласында соңғы 2 тәуліктің ішінде 6 адам көз жұмды. Құтқарушылардың сөзінше, өлімге себеп болған - жел. Асау толқындар жайбарақат суда жүзіп жүрген демалушыларды жан-жаққа лақтырған. Кейбіреулері жоғалып кеткен.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Дәл қазір Қапшағай жағалауында орналасқан 80-нен астам демалыс орны бар. Ал, биыл демалып келушілердің саны екі есе артқан. Былтыр кем дегенде 300-400 адам келетін болса, қазір 700-800 адам келіп, мұнда демалады екен. Кеше өкінішке орай мына маңда қайғылы оқиға орын алды. 12 адам суға батып кетіп, 4 адамның денесі өлі күйде табылған. Ал, құтқарушылар дер кезінде жетсе де оларды 30 минут ішінде әрең тапқан.

Бірер күн бұрын болған қайғылы оқиға демалушыларды есеңгіретіп тастаған. Тіпті, жұрттың жартысы жағажайды тастап, үйлеріне тарап кеткен. Ал, демалыс алаңына енді келгендер адымдарын аңдап басатындықтарын айтты.

Нағашыбай Жаңашбаев, қала тұрғыны:

- Бізге қазір барлығын ескертіп айтып жатыр. Ары қарай барынша бармауға тырысудамыз. Осы жағада шомылып жүрміз.

Суға шомылу маусымы басталғаннан бері асау толқынның салдарынан қайғылы жағдай жиілеп кетті. Маусым ашылғалы бері суға батқан 72 адам құтқарылған. 9 демалушы қайтыс болған. Ал, соңғы екі күннің ішінде жағажайға шомылуға келген 6 адам көз жұмды.

Ермек Арыстанбаев, құтқарушы:

- Қайықпен, машинамен жүріп хабарландырулар айтып отырамыз.

«Қалалық жағажай» - Қапшағай қаласы әкімдігінің қолдауымен 3 жыл бұрын ашылған. Мұнда қауіпсіздікті бақылауға арналған 4 мұнара бар. Десек те, біз барған кезде оның маңынан бірде-бір бақылаушыны байқамадық.

Дәурен Майсабеков, Қапшағай қаласы әкімдігінің бас инспекторы:

- Олардың жұмысы бойынша тұрақты түрде мұнарада орналасуы міндетті емес. Олар жұмыс барысына байланысты жағаға шығады. Түсіндірме жұмысын жүргізеді немесе жаңағы жоғалған баланы іздейді.

Қапшағай көліне демалуға келетіндердің дені алкогольді сусындарға құмар. «Осылайша, олар қауіп-қатерге ұрынады», - дейді көпшілік. Тіпті, құтқарушылардың ескертулеріне мойынсұнбайтындар да аз емес.

Азамат Жұртбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

- Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар департаментінің барлық қызметкерлері Алакөл, Қапшағай, Балқаш және де аудандарда орналасқан кішігірім көлшіктерде демалыс күндері рейдтік шаралар ұйымдастырады.

Қазір Қапшағай қалалық әкімдігінің өкілдері жағалаудағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар кезектесіп, көл жағасын бақылауға кірісті.  

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ              

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу