Қостанай облысының Меңдіғара ауданында жер мәселесіне қатысты Архипов ауылы әкімінің заңсыз әрекеті әшкереленді. Ол биыл ауыл іргесіндегі жайылымдарды жергілікті тұрғындармен келіспестен, басқа елді мекендегі кәсіпкерге жалға беріп жіберген. Ал, бұған дейін жайылымдарды 10 жыл көлемінде тиімді пайдаланып, ауылды қысы-жазы шөппен қамтып келген жергілікті «Заря» серіктестігімен меморандумды біржақты бұзған.
Құқығы тапталған шаруа әділдік іздеп өңірде ашылған Бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау кеңселік жобасының көмегіне жүгінген. Шағым бойынша қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізген мамандар ауыл әкімінің әрекетін заңсыз деп таныды. Лауазымды тұлға қызметінен шеттетілді. Заңсыздыққа барған басшының ісі әдеп жөніндегі кеңесте тағы қаралмақ.
Жалпы, Меңдіғара ауданына қарасты Архипов ауылында жайылымдық жерлер тапшылығы бұған дейін де шешімін таппай келе жатқан өткір мәселе.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.