«Маса келіп, маза кетті». Астаналықтардың соңғы кездері жиі айтатыны осы. Күн ысыса көбейіп, күші таситын зиянкестер адамды шақпайды, талайды. Бұл әсірелеу емес. Әсіресе, қонақ болып келгендер «қанша қорғансақ та, қансорғыштардан оңайлықпен құтыла алмадық», - дейді. Бірақ, мамандар бас қаланың масалары мазаны алғанымен, зардабы жоқтығын алға тартады.
Немерелерін көріп Кентаудан келген әженің көңіл-күйі түсті. Себебі, балаларының қол-аяғы ісіп, мойны бөртіп кеткен. Енді солардың денесінің ашық жеріне маса қонбасын деп крем жағумен әлек.
Тәттіқыз Жантаева, Түркістан облысының тұрғыны:
- Күндіз де, түнде де маса. Немерелерімізді шағып тастаған. Күндіз-түні крем жағамыз.
Масадан мезі болған Сымбат та Астанаға қашқан. Әпкемді көріп, емін-еркін қыдырып келемін деген оның да жолы болмады.
Сымбат Құбашев, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Негізі Павлодардан масасы үшін қашқанмын. Бірақ, қамығып тұрмын. Мұнда да өте көп екен. Екі күннің ішінде аяғымды шағып тастады. Күндіз ыстық, кешқұрым қаланың көрікті жерлерін тамашалау мүмкін емес.
Ал, бұлар ЭКСПО алаңын абаттандырып жатқан жұмысшылар. Барлығының уайымы бір. «Бірақ, былтыр халықаралық көрме кезінде масаның бір ызыңы естілмеді», - дейді көпшілік. Қала тұрмақ, сыртын да улаған. Ал, биыл дезинсекция әр ауданда әр түрлі жүргізіліп жатыр. Қалай екенін біле алмадық. Жалпы, Астана - сазды, батпақты, жерасты суы мол аймақ. Сол себепті, күн ысығанда зиянкестер көбейеді әрі белсенділігі артады. Сондай ашық аумақтарда және жертөлелерде тарайтын түрі Куликс деп аталады.
Айбарша Дүйсенбайқызы, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бөлімінің бас маманы:
- Масалар безгек және трансмассивтік вирустық инфекциялардың тасымалдаушысы болып табылады. Бірақ, Астана қаласы аумағында инфекция тасымалдаушы маса жоқ. Қала тұрғындарына ол үшін төніп тұрған қауіп жоқ.
Нысаналы ЫҒЫЛ