Түркістан облысында шабындық шөптің бағасы бірден 2-3 есе қымбаттап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында шабындық шөптің бағасы бірден 2-3 есе қымбаттап кеткен

18.07.2018

Шіліңгір шілде шыққалы Түркістан облысында малдан күй, малшыдан маза кеттті. Қуаңшылықтан, әсіресе, өңірдің күнгейіндегі Сарыағаш, Шардара және Мақтарал аудандарындағы жайылымдық жерлердің бүгінде шаңы шығып жатыр. Жерде төрт түліктің аузына ілінетін көк жоқ. Соның салдарынан мал арзандап, керісінше, шабындық шөптің бағасы бірден 2-3 есе қымбаттап кетті.

Сарыағаш ауданындағы төрт түліктің аузы көктем шыққалы көкке тиген жоқ. Шаруалар жылда 650 мың гектардай жерді жайылым ретінде пайдаланатын. Көктемде жауын-шашын болмаған соң көк бой көтермей жатып-ақ қурап қалды.

Әдбікәрім Қалмұрзаев, шопан:

- Мал аш. Шөп мүлде қалмаған. Шаңы шығып жатыр. Трассаны жағалап жайып жатырмыз. Қой жеп жатыр, қара мал жейтін шөп мүлде жоқ, жылқыға да жоқ.  

Онсызда қыстан қысылып шаққан малдың алды қазір көтерем бола бастаған. Амалы таусылған шаруалар төрт түлігінің қоңы бар кезде сатып құтылуға асығып жатыр. Шаруаға жайсыз тиген қуаңшылықтан талайдың қорасы босап қалды.

Сүйеубек Жұмабеков, шаруа:

- Елдің жағдайы нашарлап тұр. Мал арзан, шөп қымбат. Жем-шөп болмаған соң, малды кім бағады?! Қой, саулық бағасы 15-20 мыңның айналасы болып тұр. Қозылардың бағасы 8-18 мың аралығында.

Мақтарал ауданында да осы жағдай. Аймақтағы 136 мың гектар жердің барлығы егістік. Жайылымдық жер жоқ. Жем-шөптің тапшылығы биыл ғана емес, жылда қайталанатын жағдай. Малдың қысқы азығы шаруаны қазірден ойландырып отыр. Өйткені, мұнда жоңышқаның сығымдалған бір бумасы 600-650 теңгеге жетті. Билік енді бұл мәселені кешенді шешу жолдарын іздестіріп жатыр.

Жамантай Бейсенбаев, Мақтарал ауданының әкімі:

- Жеп-шөп дайындайтын МТС құру арқылы осы жерден комбикорм зауытын ашамыз деген жоспар бар. Оған үлкен кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Бүгінде облыста 4 миллионға жуық уақ мал және 1 миллионнан астам ірі қара мен жылқы бар. Қалтасында ақшасы, астында көлігі бар шаруа жаз басталғалы шөпті көрші Жамбыл облысынан тасып жатыр. Сұраныс артқандықтан, ол жақта да әдепкіде 250 теңгенің төңірегінде болған бір бума шөп қазір 2 есеге дейін қымбаттап кеткен.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу