Қазақстан-Украина экономикалық қарым-қатынасының әлеуеті толық деңгейде пайдаланылмай отыр. 2013 жылға дейін сауда-экономикалық қатынас екі есе ұлғайса, енді 30 пайызға төмендеп кеткен. Ортақ комиссия оннан астам отырыс өткізгенімен, нәтиже ойдағыдай емес. «Сондықтан да, енді әріптестікті жандандыру керек», - дейді мамандар.
1992 жылы алғаш рет екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнады.1994 жылы Қазақстанда Украинаның елшілігі ашылды. Содан бері барыс-келіс, алыс-беріс үзілмей келеді.
Дегенмен, 2016 жылы сауда айналымы 1,3 миллиард доллар болса, былтырғы көрсеткіш 1 миллиард доллар. Жыл сайын төмендеп келеді. Ал, инвестиция бойынша керісінше, ортақ жобалар жүзеге асып жатыр. Ол сан 15 пайызға өскен. Украинының Жоғары Радасы үшінші шақырылымының халық депутаты болған Олександр Пухкал «әріптестікті жаңа деңгейге шығару қажет», дейді.
Олександр Пухкал, Украина Жоғарғы Радасы үшінші шақырылымының халық депутаты:
- Қазіргі таңда мемлекетаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Ол 13 отырыс өткізді. Былтырғы жылғы отырыста ауыл шаруашылығы, машина құрастыру саласында қандай жобаларды жүзеге асыра аламыз, осыны талқыладық.
Украина біздің елден сүт өнімдерін сатып алуға ниетті. Қазір ортақ 800 кәсіпорын құрылды. Ғарыш саласында да біріге жұмыс істеуге болады. Қазақстан мен Украина ежелден достықты бірінші орынға қояды
Виталий Сорока, сарапшы:
- Мен Қазақстанда болған кезде адамдардың жылы қарым-қатынасына таң қалдым. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс істеу әдісі маған ұнайды. Екі елдің ынтымақтастығы арта берсін.
Қазақстанда 400 мыңға жуық украин диаспорасының өкілі тұрып жатыр. Екі елдің арасында студент алмасу бойынша бағдарламаны жандандыру қажет.
Индира БЕГАЙДАР