Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігі хабарлады. 2004 жылы туған баланың денесі шомылуға тыйым салынған жерден табылған. Жалпы, Астанадағы Нұра каналында соңғы аптада 9 адам суға кетсе, оның 7-еуі бала. Бүгін Төтенше жағдайлар комитеті су жағасында профилактикалық-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Маусымның 25-де Нұра-Есіл каналында бірден төрт бала суға батты деген қаралы хабар тараған-ды. Қаза тапқандардың жасы 9, 11 және 12-де болатын. Олар ата-аналарының қарауынсыз, шомылуға тыйым салынған жерде суға түсіп, мерт болған. Сондай-ақ, осыдан екі күн бұрын кілем жуып жатқан әйел мен екі қызының суға ағып кеткені белгілі болды. Бүгін де оқыс оқиғаны естідік.
Дидар Өміржан, қалалық өрт сөндіру қызметі бөлімінің инженері:
- Жыл басынан бері Астанада балалар өлімі бойынша 10 факті тіркелді. Олардың 7-еуі Есіл ауданында болған. Сондықтан, біз күн сайын тұрғындарға ескерту жасап жүрміз. Мектептерге хабарлама жіберіп, алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз.
Халықтың өзінің өмірі мен қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауы үшін шаралар жасалып жатыр. Бүгін Төтенше жағдайлар департаменті әкімдіктермен бірлесіп, шомылуға тыйым салынған жерлерді тексерді. Соның нәтижесінде 3 мыңнан астам тыйым салу белгісін орнатты. Сондай-ақ, осындай профилактикалық жұмыстарға биыл алғаш рет 2 мыңдай ерікті тартылды. Олар халықты ақпараттандыру мақсатында 300-ден астам акция өткізді.
Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Қауіпті әрі күзетілмейтін су қоймалары маңында, әсіресе, халық көп баратын жағажайлар жанында қосымша 53 құтқару қызметі іске кірісті. Жалпы, сәуір айынан осы күнге дейін жүргізілген тексеріс барысында алкогольдік ішімдіктерді ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде келген 816 адам жауапқа тартылды.
Қорыта айтқанда, суға түсу науқаны басталғаннан бері қайғылы жағдайлар жиілеген. Сол себепті, тұрғындар барынша абай болып, сақтық шараларын ұмытпағаны абзал.
Азамат НҰҒЫМАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.