Амстердамда қазақстандық авиация саласының мамандары тәжірибеден өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амстердамда қазақстандық авиация саласының мамандары тәжірибеден өтуде

19.07.2018

«Амстердамда оқып жүр, талай қазақ баласы». Студенттер емес, бұл жолы Нидерланд астанасында қазақстандық авиация саласының мамандары тәжірибеден өтіп жатыр. Амстердамда орналасқан FSC тренинг орталығында  отандық қызметкерлер  кәсіби шеберлігін шыңдап, шетелдік әріптестерімен өзара тәжірибе алмасуда.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

-Аяқастынан ұшаққа лаңкестер басып кірсе немесе әуе кемесінің қозғалтқышы істен шығып, төтенше жағдай орын алған жағдайда ұшқыштар мен бортсеріктер қалай әрекет етуі керек? «Airbus», «Boeing» ұшақтарының дәл көшірмесінде қазақстандық мамандар соны игеріп жатыр.

«Ұзақ ойланбай, жылдам шешім қабылдай біл. Уақыт тығыз, қателесуге қақың жоқ». Голландиялық нұсқаушылардың ұшқыштарға қоятын алғашқы талабы осы. Қазақстандық мамандар да үдеден шығуға тырысып бағуда.

Марсель Сағындықов, әуе компаниясының ұшқышы:

- Бұл жерде негізінен қозғалтқыштың істен шығуы, өрт, құстармен соқтығысу сияқты төтенше жағдайларға біздің дайындығымыз пысықталуда. Ұшу, қону, бүйірден соққан жел, жолақтардың ылғалдығын, яғни, өзімізді 100 пайыз нағыз ұшақтағыдай сезініп отырмыз. Бұл - біз үшін үлкен тәжірибе. 

Орталықта жылына 15 мың адам тәжірибеден өтеді.  Әлемнің 160 компаниясының ұшқыштары, бортсеріктерімен бірге «Air Astana» мамандары да мұнда 6 ай сайын шеберлігін шыңдап отырады. «Көрсем, білсем, үйренсем»-деген жұрттың игілігі үшін ұшақтың мынадай 16 көшірмесі сатып алынған. Әрқайсысының құны-18 млн. еуродан. 

Патрик Роналдс, бас нұсқаушы:

- Бұл қазіргі заманғы көшірмелердің ерекшелігі, тәжірибенің өте сапалы өткізілуін қамтамасыз етеді. Ұшқышқа дәл ұшақтың ішіндегідей әсер береді. Канадада жасалған көшірмелердің қозғалтқыштары, қимылы барлығы кәдімгі ұшақтағыдай құрастырылған.

FSC-ұшқыштарды тәжірибеден өткізетін Еуропадағы ең ірі орталық. Германия мен Мажарстанда бөлімшелері бар. Компания өкілдері болашақта дәл осындай тренинг алаңын Астанадан да ашамыз деп отыр. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.   

Хабарламаларға жазылу