Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ведомство алқасының кеңейтілген отырысында айтты. Оның сөзінше, жоғары қызметтегі азаматтардың қатысуымен жемқорлық фактілері барлық салада орын алған. Өткен жылдың өзінде республикалық органның 18 жетекшісі, облыстық басқармалар мен департаменттердің 95 басшысы, қалалық және аудандық бөлімдердің 101 атқамінері қолын қылмыстық іске былғаған. Олардың ішінде Энергетика вице-министрі, Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, Ауыл шаруашылығы министрлігі комитеттерінің төрағалары мен олардың орынбасарлары, ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері, құқық қорғау органдарының жетекшілері мен түрлі деңгейдегі судьялар бар.
Алик Шпекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Бүгінде біз аумақтық департаменттердің жұмысын бағалау тетіктерін қайта қарадық. Дәлірек айтқанда, олардың жемқорлықпен күресудегі нақты нәтижелерін ғана есепке аламыз. Өйткені, біз үшін қылмысты әшкерелеп, адамдарды жемқорлықтан сақтап қалуымыз маңызды.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ