Алакөл ауданындағы мал шаруашылығы кешені өнімдерін экспортқа шығармақшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөл ауданындағы мал шаруашылығы кешені өнімдерін экспортқа шығармақшы

23.07.2018

Алматы облысы Алакөл ауданындағы мал шаруашылығы кешені өнімдерін экспортқа шығармақшы. Шаруашылықтың жайылым жерінің өзі 50 мың гектар. Қазір мұнда ангус және герефорд сиырларының 15 мың басы бар. Алдағы бес жылда мал санын екі есеге көбейтіп, өңірде ет кластерін қалыптастыру көзделген.

Бұл жайылымда 50 мың гектардан астам жер электрленген қоршаумен қоршалған. Мұның басты ерекшелігі, егер қалыпты жағдайда 300 бас сиырға бірнеше адам қызмет көрсетсе, ал, бұл жерде бақташы 700-дей сиырды жалғыз өзі бағады.

Төмен кернеулі қоршаулардың жалпы ұзындығы 500 шақырым. Мамандардың айтуынша, осындай еркін жайылымдарда мал қонымдылығы жылдам артады. Әрі сиырлардың ауырып-сырқауы төмен болады. Австралия құрлығынан әкелінген 5500 бас мал жергілікті жердің табиғатына бейімделіп, төл бере бастаған. Ендігі жерде кәсіпорын репродуктор ретінде еркек малды маңайдағы ұсақ шаруашылықтарға сатып, өңірдің гендік қорын жаңартуды қолға алмақ.

Ержан Нүсіпов, серіктестік директорының орынбасары:

- Бескөлде мал бордақылау алаңын салмақшымыз. Сонымен аналық мал басын 30 мыңға жеткізбекшіміз.

Шаруашылық бүгінде малдың негізгі бөлігін жайлауға көшірді. Күн суытқанда қайтадан кешенге әкеледі. Бұл жерде 10 мың басқа дейін мал бордақылау мүмкіндігі бар.

Александр Ковалев, шаруашылық басқарушысы:

- Күзден бері тұрған. Қазір жас мал кетті. Арасында тайыншалар бар. Енді үлкен бұқалар ғана қалды.

Кешен маңынан тәулігіне 40 бас соятын ет комбинаты салынды. Шаруашылық шағын көлемде етті Ресей мен Қырғыз еліне экспорттап та үлгерді. Алдағы уақытта дайын өнімді Қытай, Иран нарығына жөнелту жоспарланған. Осылайша, көп ұзамай Алакөл ауданында етті бағытта толыққанды кластерлік жүйе қалыптаспақ. 

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу