Астанадағы «Тұран-Сығанақ» үлескерлерінің мәселесі сотқа жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы «Тұран-Сығанақ» үлескерлерінің мәселесі сотқа жетті

24.07.2018

«Қара тізімге» енгізуге лайық құрылыс компаниялары еліміздің басқа өңірлерінде де аз емес. Соның бірі Астанадағы «Тұран-Сығанақ» тұрғын үй кешенінің үлескерлері 4 жылдан бері уәделі баспаналарын ала алмай жүргенін кешегі хабарымызда айтқан болатынбыз. Енді бұл мәселе сотқа жетті. Бүгін құрылысшыға алданған тұрғындар Алматы аудандық сотына барып, сотқа дейінгі дайындық отырысына қатысты.

Төрт жылдан бері сандалып жүрген үлескерлердің бір тобы бүгін сот алдына жиналды. Үлескерлер мәселесін шешу үшін бір емес, екі құрылыс кооперативі құрылған. Алайда, қос ұйым бірін-бірі мойындамады. Кейін бір кооперативке біріксе де, үлеспұлдық келісімшарт талаптарымен келіспейді. Жалпы, уәделі пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүрген тұрғындардың шығыны 900 млн. теңге.

Асхат Мүбәрак, үлескер, қала тұрғыны:

- Егер де бір бөлмелі пәтерге 2014 жылы 8 млн-ға жуық ақша төлесек, қазір 6-7 млн. шамасында тағы да құюымыз қажет. Біз онымен келіспейміз. Себебі, кезінде біз ақшаны құйдық. Енді «Нұрлы жер» бағдарламасына кіру мақсатында сондай әрекет жасап жатырмыз.

Серікбай Сәрсенбаев, үлескер, қала тұрғыны:

- Қазір бәріміз қарыз алып, кредит, ипотекада жүрміз. Пәтер жалдап жүрміз. Төрт жылда бала өсіп, немерелі болдық. Біздің мәселеміз шешіліп, ашық болғанын тілейміз. 16 млн. теңге ақша салдық.

Сотқа жауап беруші тарап - «Тұран-Сығанақ» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы келген жоқ. Шағымданушы жақ – 93 отбасының мүддесін қорғап жүрген бастамашыл топ. Олар кооператив төрағасының кейбір әрекеттері заңға қайшы екенін мәлімдеді. Сот отырысы әрі қарай да жалғасады.

Айгүл Малдыбаева, Алматы аудандық сотының судьясы:

- Өтініш хаттарыңызды қабылдаймын. Бұл сотқа дейінгі дайындық отырысы. Мәселелеріңіз сот ісін қарау кезінде қаралады. Келесі отырыс 31 шілде күні өтеді.

Үлескерлер мәселеміз «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында шешіледі деп үміттеніп отыр. Бұдан бұрын аталған бағдарлама бойынша Астанадағы үлескерлер мәселесін шешу үшін «Елорда құрылыс» компаниясы құрылып, оған 40 млрд. теңге бөлінетіні айтылған еді. Биыл әкімдік бұл іске алғаш транш 4 млрд. теңге бөлінгенін хабарлады. Әзірге үлескерлер мәселесі баяу шешіліп келеді.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу