Жыл сайын 15 миллион турист Индонезияға сапарлайды. Оның 12 мыңы отандасымыз. Жалпы, біздің мемлекеттегі халықтың 80-90 пайызы Еуропаға және Эгей теңізі, Қара теңіз маңайында демалады. Ал, аралдық мемлекет болса, қазақстандық туристердің санын арттыруды көздеп отыр. Әсіресе, Ява мен Суматра аралдарында арзан әрі қауіпсіз демалуға жағдай жасамақ.
Бірнеше сағат ұшақпен ұшып, ауыр жолға қарамастан, дүниенің әр шетінен туристер мұнда үйлесімділікке кенеліп, өзін-өзі тануға, серф мектептерінен сабақ алуға келеді. Балиде жылдың төрт мезгілінде де жаз. Сәйкесінше, айнала қашан да көкпеңбек. Жанартаулар, жартастар, күріш алқаптары, асау толқындар, сарқырамалар осы әдемі тіршіліктің бөлшегі. Бали 18 мың арал арасында сұлулығы мен тыныштығымен, өзіне ғана тән табиғатымен ерекшеленіп тұрады.
Индонезия - зайырлы мемлекет. Халықтың 85 пайызы Ислам дінін ұстанады. Алайда, тұрғындардың сыртқы келбетіне қарап мұсылман екенін бірден білмеуіңіз мүмкін. Бірақ, халықтың жан-дүниесіне үңілсеңіз, адамдардың бойында ізгілік байқалады. Бұдан өзге, Индонезияда ежелгі ғибадатханалар сақталған. Бірнеше ғасырлық тарихы бар орындарды туристер көп тамашалайды.
Анна Кузвилари, турист /Грекия/:
- Жолдасыммен Балиді 4 күннен бері аралап жүрміз. Басқа ғаламшарға тап болғандай сезімдеміз. Туристерге барлық жағдай жасалған. Инфрақұрылымы дамыған, қайда барамын десеңіз де жол бар.
Бүгінде Индонезияға әлем халқының 92 пайызы визасыз кіре алады. Яғни, дүниежүзінің 164 мемлекетімен визасыз жүйе бойынша келісім жасалған. Сондай-ақ, ел билігі 2019 жылға дейін 20 миллион турист тарту мақсатын қойып отыр.
Шетелдік қонақтар көп келетін орындардың маңынан бір кездері банкротқа ұшырап, қараусыз қалған қонақүйлерді де кездестіруге болады. Бұл ғимараттар да бүгінде туристер үшін қызық. Қалай болғанда да, Индонезия туризм әлеуетін арттыруды бірінші орынға қойып отыр. Өйткені, ел экономикасы тікелей агроөнеркәсіп, текстиль және туризге байланысты.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.