Алматы облысында бір айда екі бала жоғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында бір айда екі бала жоғалды

31.07.2018

Олардың бірінің мүрдесі күні кеше Жамбыл ауданына қарасты Ынтымақ ауылының маңынан табылса, 13 жасар үштөбелік тұрғын әлі табылған жоқ. Баланың ата-анасы құзырлы органдар жұмысына салғырттық танытып отыр деп налиды.

13 жасар Иса Бекбаевты жақындарының іздестіргеніне 1 айға жуықтады. Баланы соңғы рет Қаратал өзенінің жағасынан көрген. Анасының айтуынша, досы суға түсейік деп ертіп кеткен. Кейін Иса суға батып кетті  деп хабарлаған. Зар илеген ана тұңғышының қазасына сенгісі жоқ.

Шарасыз ана Алматы облыстық ішкі істер басқармасының басшыларына арнайы келді. Себебі, соңғы күндері іздеу жұмыстары  тоқтаған. Дегенмен, тәртіп сақшылары жасөспірімді әлі де іздейміз деп сендірді. Ал, Жамбыл ауданында із-түзсіз кеткен 7 жасар баланың өлі денесі Ынтымақ ауылынан 8 шақырым жерде табылды.

Сергей Незнаев, облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:

- Сот медициналық сараптаманың қорытындысымен 7 жасар бала суықтан қатты тоңып көз жұмған және ол сол іздеу басталған түні қайтыс болған. Айта кету керек, дәл сол күндері нөсерлі жауын жауған. Ал, кішкентай бала жазғы жұқа киіммен жүрген.

Екі жағдайда да жеткіншектер ата-ананың қарауынсыз қалғаннан жоғалып отыр. «Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін балаларды назарсыз қалдырмау керек»,- деп ескертеді құзырлы орган өкілдері. 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу