Былтыр Алматы облысы, Панфилов ауданының шаруалары жүгеріден 141 мың тонна өнім алды. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, бұл - өте жақсы көрсеткіш. Бірақ, «жыл бойына төккен теріміз ақталды-ау»,- деген диқандар қауымының қуанышы ұзаққа бармады.
Алдыңғы жылдармен салыстырғанда жүгерінің құны арзандап кетіп, шаруалар шығындарының орнын әрең жапты. Тіптен кейбіреулерінің бағаның өсуін күтеміз,- деп әліптің артын бағуы есіл өнімнің қар астында қалуына апарып соқтырды.
Диқаншылықпен айналысу - пенжімдік Мұхамеджан Талиповтың отбасылық кәсібі ғана емес, күнкөріс көзі. Өзіне тиесілі отыз гектарға жетеғабыл жерге жүгері өсіріп, жан бағып келеді. Күздегі алған өнімі жаман болған жоқ. Қымбатырақ сатам, деп жүріп, қысқа ұрынды. Енді жүгеріні қандай бағаға болсын өткізуге дайын. Ал, қар астында жатқан есіл өнімнің сапасы жойылатыны анық.
Мұхамеджан Талипов, Пенжім ауылының тұрғыны:
Алдыңғы жылы жақсы болған. 40 теңгеден сатқанбыз. Биыл баға түсіп кетті. Қазір 20-26 теңге шамасында. Шығын көп, шығынның өзін әрең ақтап жатыр.
Солтүстік өңірде бидай бітік шықса, жүгеріге сұраныс азаяды. Ірі құс фабрикалары мен мал өсірушілер арзан бидай сатып алуға ұмтылады. Нәтижесінде осы өңірдегі шаруалардың жағдайы шатқаяқтайды. Оларға көмектесуге былтыр ашылған Жаркент крахмал-сірне зауыты да қауқарсыз. Өйткені, өндіріс толық қуатына жете алмай жатыр.
Шухрат Құрбанов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:
Шаруалардың қиналғанын ескеріп, сатып алушылар 27 теңге баға қойып, алып жатыр. Қазіргі таңда 300-400 тонна күніне өтіп жатыр.
Бір ғана ауылдық округте жүгерімен айналысатын 900-ге жуық шаруа қожалығы бар. Ең шағын шаруашылықтың жері бір гектарға жетер жетпес. Бұл жағдайда жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпасы анық. Сондықтан диқандар бірігіп, іріленуіміз керек, дейді. Бірақ, оған ұмтылып жатқан ешкім жоқ. Әркім өз мәселесін өзі шешуге мәжбүр.
Амангелді Сәрсеқұлов, «Данияр» шаруа қожалығының басшысы:
Назарбаев соңғы Үкімет отырысында айтты ғой «кооперация» құратын шығармыз, деп. Мен ойлаймын осы дұрыс ұсыныс. Шаруалардың басын біріктірмей бұл жұмысты алға қарай жүргізу қиын болады.
Ауданда ұжымшарлардан мұралыққа қалған қырмандардың түгел тозығы жеткен. Жүгері сақтайтын орын болмағандықтан, шаруалар өнімді көше-көшеге үйіп тастайды.
Жергілікті билік түйткүлдің түйінін шешуге дәрменсіз. Бұл мәселенің мән-жайын жақсы білетін Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың Үкіметке депутаттық сауал жолдауы да тегін болмаса керек.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ