Мүлік сатудан зейнетақы жарнасы төленбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүлік сатудан зейнетақы жарнасы төленбейді

31.07.2018

«Көлік пен жылжымайтын мүлікті сатқан жағдайда зейнетақы жарнасы төлене ме?» деген сұрақ қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы зейнетақы жарнасына қатысты мәлімдеме жасады. Әлеуметтік қамтамасыз етуге қатысты жаңа заңда «азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша табыс тапқан азаматтар ғана табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндетті» деп көрсетілген екен. Ал оны төлеудің тетіктері мен мерзімдері Үкіметтің қаулысымен бекітіледі.

Қаулы қазір орталық мемлекеттік органдарда талқыланып жатыр. «Жоспар бойынша тамыз айының 20-на дейін қабылданып қалады», - дейді. Айта кету керек, биылғы 14-шілдеден бастап күшіне енген әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң нормаларының бірі ел арасында алаңдаушылық тудырған еді. Заңда нақты қандай табыстан зейнетақы жарнасы төленетіні жазылмаған.

Сондықтан, кейбір сарапшылар «енді үйіңіз бен көлігіңізді сатсаңыз да зейнетақы жарнасын төлейсіз» деген ақпарат таратқан. Енді бұл тәртіп аталған заң негізінде қабылданатын Үкімет қаулысында егжей-тегжей көрсетіледі. 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу