Павлодарда көпқабатты үйдің тұрғындары тіркеуде жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда көпқабатты үйдің тұрғындары тіркеуде жоқ

02.08.2018

Павлодарда көпқабатты үйдің тұрғындары бір сәтте тұрғылықты мекенжайларындағы тіркеуден шығып қалған. Қашан? Неліктен? Оны өздері де білмейді.

Кәукеш апа биыл 80-ге толады. Әлкей Марғұлан көшесіндегі 115 үйде тұрғанына 40 жылдан асты. Ал, өз пәтерінде тіркеуде жоқ екенін ол көршілерінен естіді. Содан бері үй кітапшасын іздеп әлек. Мөр басылған парақшасын көрсетпекші.

 Кәукеш Ешова, Әлкей Марғұлан көшесі, 115 үй тұрғыны:

- ХҚКО-ға қажет болмаған соң бара бермейміз. Көршінің барғаны жақсы болды. Өздері қайта тіркеуге қойсын. Біз оған неге жүгіреміз?!

Бұл үйде 100-ден аса адам тұрады. Тіркеуде жоқ екендігін алғаш білгендердің дені жастар. Халыққа қызмет көрсету орталығына мекенжай анықтамасын алуға барғанда білген. Тіпті, кейбір тұрғындар басқа бір үйде тіркеуде тұрғандарын естіп, дабыл қағуда. 

Юлия Грюкач, Әлкей Марғұлан көшесі, 115 үй тұрғыны:

- Мен бүгін Есенәлиев көшесіндегі ХҚКО-на бардым. Мекенжай анықтамасын алсам, 9 жастағы қызым тіркеуде жоқ. Ал, ұлым басқа бір үйге тіркеліпті. Бұл қалайша жасалғанын түсінбедім.

Пәтер иелері бүгін тайлы-тұяғы қалмай Көші-қон басқармасына барды. «Қашаннан бері тіркеуден шығарылдық?», деген  тұрғындардың сұрағына  өкілетті орган жауап бере алмады.

Әсем Дүйсенбаева, ОІІД Көші-қон қызметі басқармасының бөлім басшысы:

- Әлкей Марғұлан көшесі, 115 үй құжаттар базасындағы техникалық ақаудың салдарынан мемлекеттік мекеме ретінде көрсетіліпті. Сондықтан, аталған үйдің тұрғындары автоматты түрде тіркеуден шығарылған. Қазіргі уақытта үйдің құжатын қайта қалпына келтіру жұмысын бастадық. Мұндай қолайсыздық үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз.

Қызығы сол, тіркеуден шығу туралы анықтамалар «пәтер иесінің өз еркі бойынша» деп толтырылған. Оның үстіне кейбір тұрғындар бөтен адамдардың жекеменшік үйлеріне тіркелген. Көші-қон басқармасы «алдағы екі күнде олқылықтың бәрін реттейміз», -деп уәде берді.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу