Пара алған павлодарлық мемлекеттік қызметкерге жаза кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пара алған павлодарлық мемлекеттік қызметкерге жаза кесілді

03.08.2018

Павлодарлық «парақорды» жазалау бүкіл мемлекеттік қызметкерлерге үлгі етіп көрсетілді. Бүгін қалалық сотта 50 мың теңге алып жатқан жерінде ұсталған Павлодар ауданының құрылыс бөлімі басшысына қатысты айыптау үкімі жария етілді. Күдікті жергілікті кәсіпкерге екі бірдей жер учаскесін рәсімдеп беремін деп «саудаласқан».

Ал, қолына кісен салған кезде қылмысын бірден мойындаған. Сондықтан, дүние-мүлкі тәркіленген жоқ.  Пара ретінде алған ақшаға 25 есе үстеме қосып, 1 млн. 250 мың теңге айыппұл төлейтін болды. Сондай-ақ, өмір бойы мемлекеттік қызметке қабылданбайды.

Нұржан Нұрлыбекұлы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы:

- Павлодар облыстық сотымен бірлесіп алғаш рет Павлодар ауданының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Рамазановқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен ашық сот отырысы өтті. Мұның негізгі мақсаты - мемлекеттік қызметкерлердің арасында жемқорлық деген қауіпті құбылыстың көріністеріне деген төзбеушілікті қалыптастыру. Бүгінгі отырысқа сотталушының барлық әріптестерімен қатар, өзге мекемелердің басшылары қатысты.

Болат АМАНБАЕВ     

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу