«Қауіпсіз жол» атты халықаралық автошеру Мәскеу-Бұқара бағыты бойынша жолға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қауіпсіз жол» атты халықаралық автошеру Мәскеу-Бұқара бағыты бойынша жолға шықты

06.08.2018

ТМД елдерінің автожолдары жақсы болса, осы өңірдің ғана емес, тұтас Еуропа мен Азияның арасындағы барыс-келіс пен алыс-беріс еселеп өседі. Сондықтан, халықаралық жолдардың қазіргі жағдайына ерекше мән беру керек. Осы мақсатты көздеген «Қауіпсіз жол» атты халықаралық автошеру Мәскеу-Бұқара бағыты бойынша жолға шықты. ТМД Үкіметаралық жол салушылар Кеңесі ұйымдастырып отырған автошеру, Ресей, Қазақстан және Қырғызстан жерін басып өтіп, Өзбекстанда аяқталады. 6205 шақырымға созылатын сапардың Қазақстандағы бөлігі, Петропавл, Көкшетау, Шучинск, Астана, Балқаш және Алматы шаһарларының аумағымен өтеді. 50-ге тарта автокөлікпен жолға шыққан 70-тей маман, 4 мемлекеттің жолдарымен жай ғана жүріп өтпей, оның сапасын, жол бойындағы инфрақұрылымды, шекарадан өтер кездегі қиындықтарды да жан-жақты зерттейді. Сонымен қатар, әрбір елдің аумағында жол салушыларға арналған түрлі конференциялар мен көрмелер өткізеді. Автошеру 26 тамыз күні аяқталып, әрбір елдің Үкіметіне автожолдардың жағдайын жақсарту жөнінде ұсынымдар беріледі.    

Бури Каримов, ТМД жол салушылары үкіметаралық кеңесінің жетекшісі:

- Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында жолдардың жағдайын жақсарту үшін көп жұмыс істеліп жатыр. Біз Қазақстан аумағында халықаралық автокөлік дәліздердің сапасын қарап, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жолдарды көреміз. Мақсатымыз – халықаралық автожолдардың сапасын жақсартып, қауіпсіздігін күшейту.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ   

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу