Қызылордада «Қазақстанның үздік тауары» облыстық көрме-байқауы өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді. Былтыр 17 компания өз өнімін көпшілік назарына ұсынса, биыл олардың саны 35-ке жетті.
Олжабай Шолақов байқауға биыл бірінші рет қатысты. Сәндік-қолданбалы өнер мен кәсіпті ұштастырған шебердің дайындаған бұйымдары көздің жауын алады. Әрқайсысының мазмұны терең.
Олжабай Шолақов, суретші-мүсінші:
- Бұл біздің зергерлік жұмыстар. Ал, мынау, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің өрнектерімен нақышталып жасалған. Бізде ертеректе қолөнер жақсы дамыған, қазір соны жаңғыртып жатырмыз.
Байқауға қатысушылардың ішінде кәсібін енді бастағандар да, бизнестің майын ішкендер де бар. «Жанзере» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнімдерінің нарыққа шыққанына 10 жыл болып қалды. Олар тіккен арнайы жұмыс киімдері тек Қазақстан емес, ТМД аумағына да саудаланады.
Болат Бекетов, ЖШС директоры:
- 2010 жылы ашылдық. Қарамағымда 20-дан астам қыз-келіншек жұмыс істейді. 50-ден астам киім бар, өзіміз тігеміз. Киіміміз өте сапалы.
Киім-кешек, азық-түлік, құрылыс заттары. Алуан түрлі тауар. Мұның барлығы Қызылордада өндіріледі. Өңірде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. «Бизнес Бастау» жобасы аясында былтыр 937 адам біліктілігін арттырып, 358 кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды. Ал, биыл 1600 адам кәсіпкерлікті меңгереді.
Ғалымбек Жақсылықов, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры:
- 2018 жылы аймағымызда жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жарияланды. Енді жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы тағы 3 жылға созылды. Жыл өткен сайын кәсіпкерлікпен айналыссам, оқысам, білсем деген адамдар көбеюде.
Байқау-көрмеге қатысушылар арасынан 3 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Олар енді қазан айында өтетін республикалық сайысқа қатысады. Биыл байқау жеңімпаздары онлайн-дауыс беру жүйесі арқылы анықталады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.