Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растап отыр. Америкалық полиция оларды көлік саудасы арқылы алаяқтық жасаған ірі қылмыстық топтың құрамына кіреді деп күдіктеніп отыр. Ұсталғандардың үшеуі де әйел. Бірі 1994, екіншісі 1991, ал, үшіншісі 1970 жылы туған Қазақстан азаматтары. АҚШ-тың Әділет министрлігінің мәліметінше, үшеуі де Нью-Йорктың Бруклин ауданында тұрып келген. Тергеудің болжамы бойынша олар Ресей, Гүржі, Әзірбайжан, Латвия, Украина, АҚШ және Түркия азаматтарымен бірлесіп, көлік сатылатыны туралы жалған жарнама орналастырып келген. Ол үшін арнайы фирмалар да ашып қойған көрінеді. Сатып алушылардан автомобиль үшін кепілақы алысымен, олар ізін суытып жүрген. Осылайша, 4,5 миллион доллар көлемінде ақша түсірген.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Біздің азаматшалар қымбат автокөлік сатамыз деп жарнама береді. Сосын алдын ала ақшасын алғаннан кейін телефондарын өшіріп тастайды. Біздің үш азаматша көп жыл бойы АҚШ-та өмір сүреді. Жақын арада бірінші сот болады. Сол сот барысында қандай айып тағылатыны белгілі болады.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.