Келіссөздер аяқталып, тиісті құжатқа қол қойылды. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу мәлімдеді. Айта кетерлігі, Дамирчилудың біздің еліміздегі дипломатиялық миссиясы аяқталып отыр. Осыған орай, оны Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Ақордада қабылдады. Мемлекеттік хатшы елшімен кездесу барысында Қазақстан мен Иранның қарым-қатынасына оң бағасын беріп, осы күнге дейін атқарылған істерді қорытындылады. Қос ел президенттерінің келіссөздері арқасында қазір жалпы сомасы 1,38 млрд. долларды құрайтын 48 жоба іске асырылып отыр. Ал, осы жылдың алты айында екі мемлекет 251 млн. долларға сауда-саттық жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,7 пайызға артық. Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасында еркін сауда аймағын құруға ықпал ететін уақытша келісімге қол қойылғанын ерекше атап өтті. Ал, жақын арада Ақтауда өтетін Каспий маңы елдері басшыларының саммиті бұл ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деп күтілуде. Мемлекеттік хатшының да, Иран елінің Қазақстандағы елшісінің пікірі осыған саяды.
Моджтаба Дамирчилу, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл саммиттегі ең маңыздысы – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша Конвенцияға қол қойылуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс жиырма жылдай жүргізілген еді. Бұл мәселеге қатысты Иранның ұстанымы өзгермеген, біз Каспий маңы елдеріне сыйластықпен қараймыз және Конвенция осы мемлекеттердің мүддесін қорғап, көп түйткілді шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ал, Қазақстанмен қатынасқа келетін болсақ, біздің елдер ауыл шаруашылығы, транзит, логистика, құрылыс, өнеркәсіп пен жер қойнауын пайдалану сияқты әртүрлі салада бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.