Атырауда жолсеріктер қатаң сөгіс алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда жолсеріктер қатаң сөгіс алды

09.08.2018

Кешегі өткен хабарымызда пойыздарға заңсыз билет сату оқиғалармен күрес күшейтілетіні туралы ақпарат берген едік. Осы орайда, Атырауда билетсіз жолаушыларды заңсыз тасымалдаған жолсеріктерге қатаң сөгіс жарияланды. Теміржол қызметкерлерінің өрескел әрекеттерін құзырлы орган өкілдері көпшілік алдында талқылады. Сондай-ақ, басқосуда жолаушылар тасымалындағы күрмеуі қиын мәселелерді шешу жолдары сөз болды.

Жиында заңсыз әрекетке барған жолсеріктер көпшіліктің алдында жауап берді. Арнайы тексеріс кезінде ісі әшкере болған «Атырау - Алматы» пойызының жолсерігі өзін ақтап алғысы келіп, жолаушыларды кінәлады. 

Салиқаш Чянчарова, жолсерік:

- Ол кісіні алатын ойым болған жоқ. Мені айналшықтап кетпей қойды. Кетіп қалу үшін аузыма келген бағаны айта салдым. Кешірім сұраймын.

Осы жылдың бірінші жартысында теміржол қатынасында 18 заңбұзушылық тіркелген. Оның бәрінде жолсеріктер жолаушыларды билетсіз пойызға мінгізіп, пайда таппақ болған. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттер тыйылмай отыр.

Руслан Тұңғышбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының уақытша м.а.:

- Неліктен олар 500 тг, 1000тг, 3000 тг болсын қалталарына салады? Жолсеріктердің арасында да әділ таза адамдар бар. Солардың аттарына кір келтіріп отыр. Мекемелеріңіздің атына кір келтіріліп отыр.

Қазақстанда шамамен 4,5 мың теміржол кассасы жұмыс істейді. Оның 208-і ғана «Жолаушылар тасымалына» тиесілі. Қалғаны жекеменшік кассалар. Бұл өз кезегінде билет тапшылығына әсер етеді екен. Сондай-ақ, вагондардың аздығы да мәселені күрделендіріп тұр. 

Жақсығали Іздібаев, Көліктік бақылау инспекциясының теміржол бақылау бөлімінің басшысы:

- Билет үшін халық арасында реніш туып жатыр. Біріншіден, Алматы және Астана бағыттарын алатын болсақ, пойыз күнәра жүреді. Бұрын күнде жүретін еді. Ол да бір зиянын тигізіп жатқан сияқты. Екінші жағынан, жолсеріктердің де заңбұзушылықтары бар.

Бүгінде Атырауда адам тасымалдауға арналған 134 вагон бар. Оның дені ескірген. Көбінің техникалық жағдайы сын көтермейді. Осыған орай, жауаптылар жаңа вагонға қол жеткізуді ойластырып жатқандарын айтады. Енді жолаушылар тасымалындағы жұмыстар қатаң түрде тексеріліп, жиі-жиі рейдтер ұйымдастырылмақ. Нәтижесінде, халықтан заңсыз ақша сұрайтын жолсеріктер азаяды деп күтілуде.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу