Маңғыстау аймағының туризм бағытында мүмкіндігі зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау аймағының туризм бағытында мүмкіндігі зор

12.08.2018

Каспий саммиті қарсаңында арнайы орайластырып, Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізі жағасындағы демалыс орындарының біріне барып жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының туризм саласында мүмкіндігі зор екенін, әсіресе, теңіз жағалауын тиімді пайдаланса аймақтың ұтары көп екенін атап көрсетті. Қазірдің өзінде теңіз жағалауында тек аймақ халқы емес, республиканың барлық өңірінен және шет елдерден келген демалушылар аз емес. Яғни, отандық туризмнің болашағы зор.

Бұл демалыс кешені Ақтау қаласынан 25 шақырым жерде. Суы таза, жағалаудағы құмы жұмсақ, ауасы да бөлек. Бір сөзбен айтқанда, шетелдің демалыс орындарынан еш кем емес. «Жағдайы түзелген қазақтың барлығы шетелді аралап көрді. Әлі де ешкімге шектеу жоқ. Бірақ, өзіміздің туристік орындарда демалған әлдеқайда тиімді». Облыс белсенділерімен өткен кеңесте Елбасы осылай айтқан еді. Міне, жұмыс сапары кезінде Президент бұл жерге арнайы келіп жұмысымен танысты. Мұнда қонақ үй кешені, табиғи жағажай және аквапарк бар.

Енді теңізге түсемін деп шетел асудың қажеті жоқ. Қазір Каспийдің жағалауы түрленіп жаңадан жағажайлар ашылуда. Оның үстіне мұнда төрт айға дейін шомылуға болады. Туристердің келіп тоқтайтын орыны бойынша еш проблема жоқ. Қаланың қонақ үй қоры жеткілікті. Президент жағажайды аралау кезінде демалушылармен кездесіп, отандық туризмнің ерекшеліктерін айтып өтті.

Расымен, Маңғыстау аймағының туризмдегі потенциалы жоғары. Облыстың ішкі табысының 1,2 пайызы осы салаға тиесілі. Жергілікті кәсіпкерлер Каспий теңізін тек минералды шикізат өндіретін алып бассейн ретінде қарастырмай, туристік мүмкіндігіне де назар аудара бастаған. Оның үстіне Елбасы да әр өңірге барған сайын жергілікті кәсіпкерлердің жұмысымен танысуды және осы туризм бағытындағы жұмыстарға қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған.

Бұл демалыс орыны тәулігіне мың жарым адамға дейін ал, бір маусымда 140 мың адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Ал, туризмнің түсірер табысы жақсы. Қазынаға түсер ертеңгі табыс үшін қазір мемлекетте бұл салаға қыруар қаржы бөліп отыр.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу