Кең жолақты интернет тарту биыл басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кең жолақты интернет тарту биыл басталады

14.08.2018

Президент барлық өңірде биыл ішкі өнім 4 пайыздан кем болмауы керек деген болатын. Ол үшін әкімдіктер мен орталық органдар жұмыла  жұмыс істеуі қажет. Бүгін  Үкіметте 7 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамту мәселесі талқыланды. Белгілісі, ауылдарға биыл интернет тарту жұмысы басталады. 

Республика бойынша жеті айда жалпы ішкі өнім көлемі 4 пайыз болған.  Тау-кен мен мұнай, қайта өңдеу мен ауыл шаруашылығы саласы әжептеуір өсім көрсеткен. Дегенмен, кері кеткен өңірлер де жоқ емес. Өнеркәсіп саласында Батыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстары төмен көрсеткіш көрсетсе, Атырау, Қостанай облыстары 10-12 пайыздық өсім берген. Ауыл шаруашылығы саласында кері кеткен өңірлер жоқ. Алайда, республикалық деңгейге жете алмаған бес облыс бар.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Құрылыс бойынша артта қалған өңірлер саны 2-ден 4-ке дейін артты. Инвестиция бойынша бір өңірден басқа, барлық өңірлерде инвестағымдардың өсімі байқалады. Экономиканы кредиттеу баяу қарқынмен өсуде.

Күн тәртібіндегі тағы бір тақырып, ауылдарға интернет тарту мен 5 G байланысын енгізу. Биыл «Қазақтелеком» мен оған қарасты компания  828 ауылға жылдам желі тарту жұмысын бастайды. Оның ішінде 900-ге жуық мектеп пен 700-ден астам аурухана бар. Жоба 2020 жылы аяқталады, оның құны 50 миллиард теңге төңірегінде.  Ал,  5 G байланысын келесі жылы тесттік режимде төрт облыста сынап көрмек. Министр шетелдік арналардың біздің елдегі жұмысына қатысты да түсініктеме берді. Белгілісі, бізде өкілдігін ашқан арналар жұмысын жалғастыра береді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:  

- Шетел телеарналары Қазақстанда мүлдем болған жоқ. Олар тек көрсетілді. Біздің талаптарымызға қатысқан да жоқ. Сондықтан, 215 телеканалдың өкілдері мемлекетімізде ашылып, олармен тығыз жұмыс істеуді бастаймыз.

Үкімет басшысы министрлер мен әкімдерге әсіресе, өндіріс пен құрылыс саласын ширату керектігін ескертті. Ол үшін осы салаға жауапты Инвестициялар және даму министрлігі мен Энергетика министрлігіне әкімдіктермен тығыз жұмыс істеу тапсырылды.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу