Целиноград ауданына - 90 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Целиноград ауданына - 90 жыл

17.08.2018

Ақмола облысы Целиноград ауданында жаңадан тарихи мұражай ашылатын болды. Бүгін ауданның 90 жылдығын мерекелеу қарсаңында нысанның алғашқы тасы қаланды. Ұлан-асыр той жасалып, түрлі спорт ойындарынан жарыс өтті. Мереке қарсаңында тағы қандай шаралар өтті?

Ауданның 90 жылдық мерейтойы «Ақбидай» спартакиадасымен тұспа-тұс келді. Алдымен 17 ауылдық округтен жиналған спортшылар салтанатты шерумен жүріп өтті. Одан соң өңірдің өнер ұжымдары жұртшылыққа мерекелік концерт ұсынды. Әсіресе, ашық аспан астында ұйымдастырылған өңірдің тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылым жұртшылықтың көңілінен шықты. Астанадан келген парашют спортының шеберлері ашық аспан астында қалықтап, түрлі акробатикалық жаттығулар орындады да, мерекенің дәл ортасына кеп қонды. Осылайша, олар жұртшылықты бүгінгі мерекелерімен құттықтады.

Малғаждар Тәткеев, Целиноград ауданының әкімі:

- 90 жылдыққа біз жақсы жетістіктермен, толағай табыстармен келдік. Уақытында Еңбек ері атағын алған кісілерге осындай «Даңқ аллеясын» ашып жатырмыз. Ертеңгі жас өскінге үлгі болсын дегеніміз. Бұдан басқа, Рахымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдиновке ескерткіш қойылды.

Қазіргі уақытта ауданда 150 мыңға жуық тұрғын бар. Ауданның тарихымен бірге жасап келе жатқан қариялар құтты мекеннің, әсіресе, соңғы жылдары ерекше жылдам дамып келе жатқандығын айтады.

Сабыр Малғаждаров, аудан тұрғыны:

- Ақмола қаласын біздің ауданымыз ет, сүт, көкөністермен қамтамасыз етіп тұратын. Сол кезден бастап ауданымыз өзінің атын жоғалтпай, жақсы дамып келе жатыр. Астығымыз мол болып, аудан экономикасы, халықтың әлеуметтік жағдайы арта берсін деп тілеймін.

Экономикасы мен мәдениеті қатар дамыған өңірдің мерекесі күні ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалмады. Бүгін қол күрес жамбы ату, қазақша күрестен біріншіліктер ұйымдастырылып, спортшылар өзара мықтыны анықтады.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу