Астана қаласының Ішкі істер департаментінің қызметкерлері айт күні бірнеше адамға көмектесті. Атап айтқанда, «Сарыарқа» аудандық полицейлері хал-қадірлерінше ақша жинап, тұрмысы төмен отбасыларға тұрмыстық заттар мен азық-түлік апарып берді. Мәселен, Айнұр үш баланы өзі асырап отыр. Жалдамалы пәтерге 15 мың теңге төлейді. Біреулердің үйін жинап, кір-қоқысын тазартып тапқан ақшасы тамақтан аспайды. Сол себепті, жалғызбасты ана кез келген көмекке зәру. Екінші сынып оқитын Нұрасыл мен биыл бірінші сыныпқа баратын Ерасыл мектеп құралдарына ие болып, мәз-мәйрам. Аналары да риза.
Ал, Пернегүл апайдың 10 баласы бар. Оның алтауы мектеп жасында. Құрбан айт мерекесінде бұл отбасына Қазақстан халқы Ассамблеясы көмектесті. Ассамблея мүшелері сабақ оқитын балалардың бәріне сөмкелері мен киімдерін толық әкелді.
Айнұр Қапарова, қала тұрғыны:
- Мектепке әлі толық дайын емеспіз. Екі баланың мектепке бірдей барғаны оңай болып тұрған жоқ. Кішкене болса да көмек болып қалды.
Эльмира Шәуленова, «Сарыарқа» аудандық ІІБ полиция инспекторы:
- 1 тамыз бен 30 қыркүйек арасында өткізіліп жатқан «Мектепке жол» акциясы барысында бірнеше мекен-жайға келіп, өзіміздің қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.