Кедендік одақ елдері өндірістік кооперацияны нығайтып, бірлесе дамуы керек. Оның үстіне, алдағы уақытта дәл осы Еуразиялық интеграциялық құрылым әлемдік даму орталығына айналуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі кезінде, осы мәселелерге ерекше мән берген. Бүгін Ресей астанасында Қазақ Президентінің бастамалары талқыланған ауқымды конференция өтті.
Соңғы уақыттағы өзгерістер, әлемдік экономиканың Еуропадан Азияға ауысып жатқанын көрсетіп отыр. Сондай жаңа орталықтың бірі, енді Еуразия кеңістігінде орналасуы мүмкін. Ресейдің маңдайалды экономистері осы мәселеге қатысты Қазақ Президентінің айтқанын толықтай құптап отыр.
Михаил Хазин, «Неокон» сарапшылық кеңес беру компаниясының президенті, экономист:
Біз Кедендік одақтың негізінде мықты аймақтық кооперациялық орталық құруымыз керек. Экономикалық тиімділік жағынан қарасақ, бұл орталыққа ТМД елдерінен бөлек, Түркия, Жапония, Вьетнам сияқты мемлекеттер де қосылуы мүмкін. Ол үшін бірінші кезекте Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері бастап, кооперациялық байланысты нығайтуы керек.
Конференция кезінде Қазақ еліндегі инвестициялық жағдайдың қолайлы екені айтылды. Ал ресейлік және отандық кәсіпкерлер, өндірістік кооперацияның келешегі мен нақты қай салада бірлесіп жұмыс істеуге болатыны жөнінде пікір алмасты.
Виктор Лебедь, Ресейлік машинақұрастыру зауытының директоры:
Мәселен, ауыр машина құрастыру саласында өндірістік бірлестіктің маңызы зор. Егер біз бірлессек, шетелге тәуелді болмай, метталлургия, тау-кен саласына қажетті құралдарды өзіміз шығарар едік. Біз қазір Алматы ауыр машина құрастыру зауытымен осы бағыттағы жұмыстарды бастап та кеттік.
Виталий Акопов, Қазақстандық кәсіпорынның басшысы:
Алдағы уақытта Ресейлік «Уралмашзаводтың» өнімдерін Қазақстанда шығаратын өндіріс ашуды жоспарлап отырмыз. Тиісінше, «Қазақмыстың» өнімі Ресейде жасалатын болады. Яғни, бұл екі жаққа тиімді әріптестік деген сөз. Себебі нарық кеңейеді, өнімнің құны арзандайды және жаңа жұмыс орындары ашылады.
Жиынға кәсіпкерлер мен сарапшылар, дипломаттар мен инвесторлар сынды барлығы 200-ге тарта адам қатысты. Барлығы да Кедендік одақ аясында бірлесе дамудың тиімді екенін айтты. Ең бастысы тараптар өзара келіссөздер жүргізіп, жаңа әріптестіктің негізін қалады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ