Алакөл жағасын таза ұстау қиын соғып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөл жағасын таза ұстау қиын соғып тұр

28.08.2018

Алакөл жағасынан бір шомылу маусымында ғана 2 мың тоннадай қоқыс шығарылады. Биыл да солай. 1 млн-нан астам адам демалып қайтқан айдынды көл жағалауын таза ұстау оңайға түспеген. Облыс бюджетінен қосымша қаржы қарастырылды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Қоқыс контейнері жағадан 10-15 метр жерде орналасқан. Бірақ, кейбір демалушылар сол 10-15 метр жерді жүруге ерінеді. Нәтижесінде жағажай қоқысқа толып кетеді. Бұл әлі де болса біздің халықтың қоқыс төгу мәдениетінің төмендігінің белгісі.

Ақши ауылында 12, Көктұма ауылында 3 шақырым жағажай бар. Оларды күнделікті үш рет 10 шақты жұмысшы жинап кетеді. Бұған дейін тек аудан қазынасынан азын-аулақ ақша бөлініп келсе, биыл жағалау тазалығын қамтамасыз етуге облыс бюджетінен 390 млн. теңге қаржы бөлінді.

Ержан Нұрпейісов, Алакөл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Келесі маусымға біз жоспарлы түрде жаңа, заманауи, заман талабына сай техникалармен жабдықталып, биылғы жылдан да көп адам санымен жұмыс істейміз деп жоспарлап отырмыз.

Тәулік сайын жағажайдан 7-8 тонна тұрмыстық қалдық жиналса, бір маусымда 2 мың тонна күл-қоқыс полигонға шығарылады. Коммуналдық қызмет барынша жұмыс істеп жатқанымен, демалушылар мен кәсіпкерлер де жауапкершілікті ұмытпауы тиіс.

Абдолла Дүйсенбаев, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Өте керемет. Алакөл бізге ұнады. Көпшілік қауым осы Алакөлді жақсылап тазалап ұстаса, ары қарай тірлігіміз алға баса береді.

Досан Кәрімов, кәсіпкер:

- Қонақтарымыз, өзіміз үшін жақын жағажайды тазалаймыз.

Десе де бес саусақ бірдей емес. Демалыс аймақтарының иелері жағажайды жабайы келіп тынығушылар бүлдіреді деген ойда. Сондықтан, тазалыққа деген қаржы артқанымен, демалу мәдениеттілігі артпайынша, айдынды көл жағасын таза ұстау әлі де оңайға соқпасы анық.  

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу