«Өткенді еске ала отырып, жарқын болашақтың негізін қалауға болады». Бүгін Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов пен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымы комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербо қол қойған келісімнің алғашқы шарты осылай деп басталады. Конференцияға қатысқандар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы жарлығын жоғары бағалады. «Бұл осы зұлматтан зардап шеккен қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық үшін батыл да, баға жетпес шешім», деді. 40 жыл ішінде Семей полигонында барлығы 456 сынақ жасалды. Олардың әрқайсысының қуаты Хиросимадағы атом бомбасының дүмпуінен 2,5 мың есе артық. Жойқын жарылыстардан 1,5 миллион адам зардап шекті. Бір кездері құпия нысанға айналған Курчатов қаласында 1992 жылы Ұлттық ядролық орталық құрылды. Оған атом энергиясын бейбіт мақсатта дамыту, жаппай қырып жою қаруын таратпау және кадр мәселесін шешу сынды бірқатар маңызды шаруалар жүктелді.
Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:
- Конференцияның басты бағыты адамзаттың болашағына қауіп төндірген ядролық қаруды жою тақырыбына арналмақ. Қазақстан жаппай қырып-жою қаруынан ерікті түрде бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет. Осыдан кейін дүние назары қазақ еліне ауып, Елбасы шешімін жер жүзі қолдады. Ең бастысы, халықтың тілегі орындалды.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.