Қызылордада «Мектеп сөмкесі» қайырымдылық акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада «Мектеп сөмкесі» қайырымдылық акциясы өтті

29.08.2018

«Уақып» корпоративтік қоры мен «Зекет» қоры Қызылордада қайырымдылық акциясын өткізді. Мүмкіндігі шектеулі жандар және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарға толы сөмке сыйлады.

Ерланның жасы 8-де. Ол отбасындағы бес баланың бірі. Ата-анасы жұмыссыз. Сондықтан, бұл жанұяға баллардың бәріне бірдей мектепке қажетті құрал-жабдықты алу қиын. Көпбалалы отбасына қолұшын созған қайырымдылық қоры Ерланға дәптер-қаламға толы сөмкені сыйға тартты.

Ерлан Бағыбаев, 3-сынып оқушысы:

- Сабақты 5-пен оқимын. Ағалар маған сөмке сыйлады. Өте ұнады.  Болашақта еліме қызмет етемін.

Бүгін Хадиша да әдемі сөмке алды.  Өте қуанышты.  Оқып-білім алуға ынтасы зор балақайға бұл ерекше сый болды.   

Хадиша Әбжанова, 2-сынып оқушысы:

- Оның ішінде құрал-жабдықтар бар. Енді мен сабақты 5-пен оқимын.

Бұған дейін «Ақмешіт-Сырдария» мешіті 500 оқушыға қажетті сөмке мен құрал-жабдықты аз қамтылған отбасының балаларына үлестірді. Сол сауапты істі «Уақып» және «Зекет» қорлары жалғастырды. Олар 200 балаға сыйлық таратты.  

Болатбек Әбуов, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы:

- «Уақып» қоры қазір республикада осындай қайырымдылық шараларын жиі өткізеді.  Оның ішінде, Қызылорда облысы бойынша 8 имамның жалақысын көтеріп отыр. Жалпы, еліміз бойынша 500-ден астам имамның еңбекақысын төлейді. 

Облыс бойынша 10 мыңға  жуық  бала көмекке зәру. Ал, бүгінгі қайырымдылық шарасы аясында сыйлық алған балалар мәз-мәйрам.

  

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу