Қызылорда облысының Аққұм ауылында жаңа мектептің құрылысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысының Аққұм ауылында жаңа мектептің құрылысы тоқтап тұр

03.09.2018

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Аққұм ауылында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы аяқсыз қалды. Жоспар бойынша  оқу жылы жаңа мектепте басталуы тиіс еді. Бірақ, мердігер сөзінде тұрмады. Енді межелі күнде құрылыс біте қоймаса, тапсырыс беруші мердігерді сотқа бермек.

Аққұм ауылында 100 орындық мектептің құрылысы былтыр басталған. Алғашқыда жұмыс кестеге сәйкес жүрді. Бірақ, биыл қарқыны бәсеңдеп, нысан межеленген уақытта тапсырылмады. Қазір құрылыс басында қараңдап бір-ақ  адам жүр.  Асхат - учаске бастығы. Мердігер компанияның осындағы  жалғыз өкілі. 

Асхат Жаппасов, учаске бастығы:

- Жұмысшылар ақшаларын ала алмағандықтан, жұмыстарын жартылай бітірген жоқ. Бірақ, жұмысқа қажетті барлық құрал-жабдықтар тұр. Күнделікті осы жерде бір өзім болғаннан  кейін заттардың бәрі менің мойнымда. Сондықтан, отырмын.

Компания директорының өзін  таба алмадық. Телефоны өшіп тұр. Тапсырыс беруші - облыстық  Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Ондағылар жұмыс көлемінің 85 пайызы орындалғанын айтады. Енді тек абаттандыру, көгалдандыру және техникалық жабдықтарды орнату қалыпты. 

Мұхамедиса Әлсеріков, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Қыркүйек, қазан айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Кешеуілдеп, орындалмаған жағдайда заңға сәйкес, сотқа беріледі.

Ал, әзірге  ауыл балалары ескі мектепте оқып жатыр.  Асар әдісімен салынған, типтік емес ғимаратта талапқа сай білім алу қиын. 

Гүлзира Төлепова, Аққұм ауылының тұрғыны:  

- Балаларымыздың жаңа мектепте оқығанын қалар едік. Заман ағымына қарай жақсы мектепте оқыса деп жүрміз.

Жалағаш ауданындағы Шәменов ауылына да жаңа мектеп керек. Мұндағы білім ошағы қазір апатты күйде тұр. Қазір облыстық Білім басқармасы соның орнына жаңа ғимарат салуды ойластыруда.   

Облыста қазір екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуі Арал ауданында, 300 орындық, екіншісі Қызылорда қаласында, 600 балаға лайықталған. Екеуі де жыл аяғында пайдалануға беріледі.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

Хабарламаларға жазылу