Ақтөбеде 52 жолаушысы тірідей өртеніп кеткен автобус оқиғасына қатысты сот процесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 52 жолаушысы тірідей өртеніп кеткен автобус оқиғасына қатысты сот процесі басталды

04.09.2018

Ақтөбеде қаңтар айында 52 жолаушысы тірідей өртеніп кеткен автобус оқиғасына қатысты сот процесі басталды. Сотқа Өзбекстаннан марқұмдардың туыстары да келді. Олар жақындарының өлгеніне сене алар емес. Айтуларынша, автобуста болған жолаушылардың кейбірінің телефондарына әлі күнге дейін қоңырау барып тұр екен. Ал, Шымкенттен келген айыпталушылардың туыстары жүргізушілердің еш кінәсі жоғын айтып, соттың әділ өтуін сұрап отыр.

Сот отырысына Өзбек елінен 11 адам келген. Тағы 14-і жолда, Ақтөбеге жетіп үлгермепті. Ал, сот процесіне қатысқандар жақындарының автобуста түгі қалмай жанып кеткеніне әлі сенбейді.

Бохтиор Арипов, жапа шегуші:

- Бізге экспертиза қорытындысын берген жоқ. Аузы жабық табытты әкелді. Біздің балаларымыз өлген жоқ. Олар тірі деп ойлаймын.

Марқұмдардың туыстары мүрделерді көрмегенін айтып отыр. Юлдузжан Ганиева да ұлы мен немересінен айырылып қалғанына сене алар емес. Ол немересінің ұялы телефонына қазірге дейін қоңырау барып тұрғанын айтып, соттан осыны ескеруді сұрады.

Юлдузжон Ганиева, жапа шегуші:

- Сотқа балам Адхамжан Маруфжонов пен немерем Авазбек Маруфжонов үшін келдім. Біз балаларымыздың бәрі тірі деп ойлаймыз. Өйткені, менің немеремнің телефон нөмірі өшкен жоқ, әлі байланыс аясында тұр. Біз қазақ тілін білмейміз, сондықтан, аудармашы сұраймыз. Қорғаушы да жалдаған жоқпыз, біздің қорғаушымыз – Алла.

52 адамның өліміне кінәлі деп айыпталғандар бес адам. Оның үшеуі автобус жүргізушісі, бірі механик және құрылтайшы.

Серік Махамбетов, судья:

- Көшпелі ашық сот мәжілісінде ҚР ҚК 345-бабы, 4-бөлігімен, 292-бабы 3-бөлігімен Пернебековты, Қырғызбаевты, Таңатовты 254-бабымен, 348-бабы 3-бөлігімен, 385-бабы, 1-3-бөліктерімен Телекбаевты 348-бабы 4 бөлігімен, Пердебаевты айыптау туралы қылмыстық іс Ақтөбе облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады.

Ал, Түркістан облысынан келген сотталушының анасы Қатира Жолболдиева  көлік өртке оранған сәтте ұлының ұйықтап жатқанын айтады. Ол үш жүргізушінің де кінәсі жоқ деп отыр.

Қатира Жолболдиева, сотталушының анасы:

- Бұл жерде балалардың үшеуінің де кінәсі жоқ деп есептеймін. Автобус өзі келіп шетке тоқтаған. Ол не аударылған жоқ, не соғылған жоқ. Баламның үш баласы, зейнеткер шешесі бар. Мен соның бетіне қарап отырған анамын.

Бұл сот процесінің бірнеше айға созылатыны анық. Жақынынан көз жазып қалған өзбекстандық азаматтарға аудармашы беріледі. Бір сәтте 52 азаматынан айырылған көрші мемлекет үшін бұл бұрын-соңды болмаған қайғылы оқиға. Өртеніп кеткен көлікте қазақстандық 3 жүргізуші мен өзбекстандық 2 жолаушы ғана аман қалған еді.

Айыпталушылардың туыстары сотқа сол екі өзбек азаматын да шақыруды талап етті. Ал, көлік иесі оқиға болған күні елден ізін суытқан. Ол қазір халықаралық іздеуде. Біз бұл сот процесінің барысы туралы алдағы уақытта да хабардар етіп отырамыз.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу